Спорт Қазақстан
$444.22 €476.38 ₽4.82
×

Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне Президент үндеу жасады

AstanaTV
31.05.2021ж. 20:00
2530
Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне Президент үндеу жасады

Бүгін - Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні. ХХ ғасырдың бірінші жартысында  жүз мыңнан астам қазақстандық жазықсыз сотталып, оның төрттен бірі өлім жазасына кесілген. Осылай деген ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, халыққа үндеу жасады. Мемлекет басшысы зұлмат кезеңде елдің мүддесін қорғаған зиялы қауымның тұтас ұрпағы жойылғанын айтты. Сол кездері ел аумағында он бір еңбекпен түзеу лагері болды, көптеген адам сол түзеу лагерінің азабына тап болды деді. Бүгінгі күні Елбасының бастамасымен  атышулы КАРЛАГ пен АЛЖИР, шексіз қатігездікті еске салып тұратын тарихи мемориалдық кешенге айналды. Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев сол заманда туған жерінен зорлықпен көшірілген бес миллионға жуық адам, қасиетті қазақ жерінен пана тапқанын еске салды. Қазір Қазақстан олардың құтты мекені екенін айтты.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Ұлтымыз алапат аштықтың зардабын тартып, орны толмас шығынға ұшырады. Шектен шыққан ұжымдастыру науқаны Ұлы даланы бұрын-соңды болмаған ауқымды гуманитарлық апатқа ұрындырды. Халқымыз небір зобалаңды көрсе де рухын аласартқан жоқ. Бірлігін бекемдеп, ынтымағын арттыра түсті. Тәуелсіздік таңы атқаннан кейін біз арыстарымызды ақтауға кірістік. Кезінде жазықсыз жазаланған мыңдаған азаматтың есімін ел жадында жаңғырттық.

Президент өткен жылы қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау үшін арнайы Мемлекеттік комиссия құрылғанын да еске салды. Ол солақай саясаттан жапа шеккен қазақстандықтарға қатысты тарихи әділдікті қалпына келтіруге тиіс. Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзінше, бұл – мемлекеттің ғана міндеті емес, бүкіл қоғамның парызы.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Төл шежіреміздегі қайғылы кезеңдерді ұлттық бірегейлігімізден бөле-жара қарау мүмкін емес. Сондықтан, біз саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарының рухына тағзым етіп, есімдерін мәңгі есте сақтаймыз. Тарихтан тағылым алып, мұндай тауқымет ешқашан қайталанбауы үшін бәрін жасайтын боламыз.

А. Данияр