Алматы қаласында ескі үйлерді сүру мәселесі шешілмей тұр. Сондықтан әкімдік 2012 жылы қолға алынып, 3 жылға жоспарланған бағдарламаны тағы 7 жылға ұзартты. Өйткені ескі үйді сүргенмен, оның орнына жаңа үй салатын инвестор жоқ. Ал Алматыда тозығы жеткен 1 мың үй бар. Алдағы үш жылда тек елуін ғана сүру жоспарланған. «Ескі үйлер» бағдарламасы аясында салынған баспаналар барлық тұрғынды қамти ала ма? Олжас Нұржақыптың бейнематериалында.
Бұл Брусова көшесіндегі баспана. Елуінші жылдары тұрғызылған екі қабатты тұрғын үйдің әбден тозығы жеткен. Қабырғалары үгітілген, шатырынан, жауын жауса, су кетеді. Абырой болғанда, биыл тұрғындардың біразына жаңа жай бөлініп отыр. Жөндеу жұмыстарынан шаршаған жұрт, ұсынысты бірден қабылдапты. Енді ескі үй жақын арада сүріледі.
Әсиям Азнабакеева, Алматы қаласының тұрғыны:
Күн өткен сайын үй қабырғасы үгітіліп барады. Қанша жөндеу жұмыстарын жасасақ та, жағдайы оңалмады. Ескінің аты ескі емес пе?! Бағымызға орай, жаңа пәтер берілді. Екі бөлмелі, екінші қабаттан. Шаршы метрі де қазіргіден үлкен. Көршілеріміздің барлығы қарсылық танытқан жоқ. Ескі үйден құтылғанына қуанады.
2012 жылы басталған бағдарламамен 5 үй сүріліп, жаңа 6 үй салынған. Тағы 7 үй бой көтеріп жатыр. Құрылыс мекемесінің маманы жоспардың неге орындалмай жатқанын инвесторлардың жоқтығымен түсіндірді.
Асқар Мапаев, «Қала әкімдігінің күрделі құрылыс кәсіпорны» ЖШС директоры:
Егер осындай екпінмен жұмыс жалғасса, мың үйді алмастыру үшін, бір ғасыр кетуі әбден мүмкін. Сол себепті, қазіргі уақытта инвесторларды тартумен айналысып жатырмыз. Жеке серіктестер жобаның 70 пайызын өзіне қалдырады, қалған 30 пайызын бізге береді. Сондықтан жобаға қызығушылық танытқан инвесторларға есігіміз ашық. Сүру жұмыстарына халықтың басым бөлігі түсіністікпен қарағанымен, көне үйін қимайтындары да кездесіп отыр.
Олжас Нұржақып, тілші:
Осылайша, алғаш 3 жылға
жоспарланған жоба тағы 7 жылға созылды. Осы уақыт аралығында 10 мыңға жуық жан
жаңа жаймен қамтамасыз етілмек. Ал, тозығы жеткен тұрғын үйлер толықтай сүруге
жіберіледі. Әрине, инвесторлар табылып жатса.