Спорт Қазақстан
$447.4 €477.55 ₽4.76
×

Шымкентте қатты желден 11 жастағы бала жарақат алды

AstanaTV
02.06.2021ж. 20:00
1622
Шымкентте қатты желден 11 жастағы бала жарақат алды

Шымкентте небәрі бес минут қана соққан жел, айналаны астан-кестен етті. Көпқабатты үйлер мен бірнеше ғимаратты шатырсыз қалды. Ұшқан жабындылар темір көліктерді басып қалды. Тіпті ойын баласын жарақаттады. Екпіні қатты  жел 5 елді -мекенді жарықтан ажыратты.

Жаздың алғашқы кеші шымкенттіктердің есінде ұзақ сақталатын секілді. Аяқ астынан дүлей дауыл тұрып, бір сәтте елді әбіржітіп қойды. Көпқабатты үйлердің қаңылтыр шатырлары тұтастай желге ұшып жатты. Қаңыртыр жабындар автокөліктерге де зақым келтірген. Ресми мәліметке сүйенсек, алты жеңіл көлік бүлінген.

Ұшқан шатырдан бір бала зақым алды. Аулада ойнап жүрген 11 жастағы жеткіншектің үстіне жабынды құлаған. Дәрігерлер балақайдың ауруханаға ауыр жағдайда жеткізілгенін айтты. Шұғыл операция жасалыпты.

Шерзат РАСУЛМЕТОВ, ДӘРІГЕР-ТРАВМАТОЛОГ:


Баланың иығы жарақат алған. Үлкен жара. Жыртылған жара. Кесілген жыртылған жара деп аталады. Оған біріншілік хирургиялық таңдау жасалынды. Қазіргі таңда баланың жағдайы бірқалыпты.


Екпіні күшті жел алып ағаштарды тамырымен сұлатып салған. Сондай талдың бірі Ербол Дүйсенбаевтың қоймасының төбесіне құлапты. Құдды алып ағашты тамырымен қопарып, шатырға қолмен қоя салғандай. Жеке кәсіпкер көмек шақыртқанмен күтіп көзім талды дейді.  

Ербол ДҮЙСЕНБАЕВ, КӘСІПКЕР:

Күткенімізге таңнан бері уже сағат үш болып қалды, ешқандай көмек көрсетілген жоқ. өз күшімізбен алайын десек қорқып жатырмыз. -неге қорқып жатырсыздар? –Өйткені үстімізден высоковольный сым өткен. Сол себепті тоқ ұрамызба деген жағдайда қорқып жатырмыз.


Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ, ТІЛШІ:

Қатты желден білім саласына қарасты екі бірдей ғимаратқа зақым келген. Бір мектептің 120 шаршы метр шатыры ұшқан болса, екіншісі мектеп-интернаттың жатақханасы. Мына үш қабатты ғимараттың 1200 шаршы метр жабыны жерде жатыр.


Төтенше жағдайлар департаментінің дерегінше, желдің жылдамдығы секундына 26 метрге жеткен. Небәрі 5 минут қана шамасында болған дүлей дауылдың бүлдіргені аз емес. Желілер үзіліп, жолдар жабылды. Ресми мәлімет бойынша көпқабатты бес үй мен үш коммерциялық нысанның шатыры да жұлыныпты. Төтеншеліктер бұл дауыл халыққа алдын ала ескертілгенін алға тартты.

Жәнібек ҚАЙЫМБАЕВ, ШЫМКЕНТ қ. ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР ДЕПАРТАМЕНТІ БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Жалпы 3223 шаршы метр шатыры желмен ұшырылғаны анықталды. Сонымен қатар кешегі түскен мәліметке сай 14 мыңдай абонемент жарықсыз қалды.

Шығын көлемі әзірге белгісіз. Әкімдіктегілер Нұрсәт шағын ауданындағы бес үй мен екі мектептің шатыры мердігерлер есебінен қалпына келтірілетінін хабарлады. Кепілдік мерзімі бар деді. Ал бүлінген автокөлік иелері сақтандыру компанияларына иек артулары тиіс екен.

А. Төребекқызы