Биыл 32 педофил бостандыққа шығады. Оларға химиялық кастрация жасалмайды. Бұл психологтарды алаңдатып отыр. Еркіндікке шыққаннан кейін де олар қылмысқа баруы әбден мүмкін дейді. Қазір 2 мыңға жуық адам педифилия үшін темір тордың арғы жағында отырса, соның 20 пайызы қылмысты екінші мәрте жасап, сотты болғандар. Ал Бас прокуратураның мәліметінше, былтыр 300-ден астам "бала зорлау" дерегі тіркелген.
Анна РЫЛЬ, «ҚОРҒАУ АСТАНА» ҚОРЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ:
Біз кейбір жағдайлар туралы тіпті білмейміз. Мұндай сұмдықты басынан кешірген баланың жағдайын сипаттау қиын. Шошынған баланы моральдық тұрғыдан қалыпқа келтіру үшін ұзақ уақыт психологпен тыңғылықты жұмыс істеу керек. Өйткені, зорлық-зомбылық көргендердің мінезінде ауытқушылық болады. Өкінішке қарай, қазір зорлық-зомбылық көретін қыз балалар ғана емес.
Анна Рыльдің пікірінше, балаға зорлық-зомбылық көрсеткен қылмыскерді бостандыққа жіберу өте қауіпті.Себебі елімізде мұндай ауыр қылмыс жасағандарды босап шыққаннан кейін бақылайтын және олармен жұмыс істеуге арналған бағдарлама жоқ. Тағы бір мәселе, баласы зәбір көрген ата-ана көп жағдайда қылмысты жасырып қалады. Қылмыстың қайталануына бұл да әсер етеді.
Анна РЫЛЬ, «ҚОРҒАУ АСТАНА» ҚОРЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ:
Педофидер арнайы браслет тағып, уақытылы тексеруден өтіп, арнайы мекен-жайда тұруы керек. Әрі олармен психотерапевт үзбей жұмыс істеуі керек.
Л. Қуанышқызы