Спорт Қазақстан
$444.22 €476.38 ₽4.82
×

Шенеуніктер жарық өшіп, көше суға толғанына жаңбырды кінәлады

AstanaTV
04.06.2021ж. 20:00
2106
Шенеуніктер жарық өшіп, көше суға толғанына жаңбырды кінәлады

Оралдық шенеуніктер облыс орталығының жарықсыз қалып, көшелердің суға толғанына нөсер жаңбырды кінәлап отыр. Жауын үш сағатқа созылған. Соның салдарынан шаһар көшелері суға толып,  көліктер жолда қалды. Кардиологиялық орталық пен қарттар үйінде жарық жоқ.  Әлеуметтік мекемелер электр генератормен амалдап отыр. Ал үйін су басқан шарасыз тұрғындар кімнен көмек сұрарын білмейді. Өңірден-Еркін Карин.

Былтыр баспанасына күрделі жөндеу жүргізген  Дариға  Моншатаева еңбегінің еш кеткенін айтады. Төбеден тамшы тамғаны аздай, іргеден кірген жаңбырдың суы үйге түгел жайылған. Зейнеткер ылғал тартып, бүлінген дүние-мүлікті қалай тазартамын деп абдырап  отыр.

Дариға МОНШАТАЕВА, ОРАЛ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:


Кешкі сегіз жарымнан бастап, түнгі он бір жарымға дейін сумен алыстық келініміз екеуміз. Мына шарбағымыздың ішінің суын сорғызуға МЧС шақырып едік, келмеді. Енді жеке водовоз шақырып, сорғызып жатырмыз. Енді олар сонда не үшін жұмыс істейді? Осылай қиналған уақытта шақырғанда келмегенде ол қандай орган деп ойлауға болады?

Зейнеткердің ауласы әлі суға толы. Шалшық су бейнеттеніп еккен бау-бақшасын да  шайып кеткен.

Еркін КАРИН, ТІЛШІ:


Қазір ауладан шығудың өзі оңай емес. Әжетхананың түрі міне, түгелдей судың астында жатыр. Ал қақпадан шығу үшін балақты түріп, жалаңаяқ жүру керек.

Үш сағат толассыз жауған нөсерден кейін Оралдың біраз көшесін су басып, көп көлік жолда қалды. Тұрғындар су ағатын арық жүйесі дұрыс болмағандықтан, осындай әбігерге түстік дейді.

Марина МОЛДАШЕВА, ОРАЛ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:


Мына арықты ДЭП келіп істемейді өмірі, дым да тазаламайды. Шөбі жұлмайды. Сонда ДЭП не қарап отыр, әкімдік не қарап отыр?


Қала әкімдігінің дерегінше, 35 үйге су кірген. Егер тұрғындардың зардап шеккені расталса, өтемақы төлеу жағы қарастырылады.

Мирас МҮЛКӘЙ, ОРАЛ ҚАЛАСЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Қалалық төтенше жағдайлар басқармасымен бірге біз әр үйге кіріп, нақты тексеріс жасауымыз керек. Сәйкесінше тексеріс жасаған соң, акт дефекта жасалатын болды. Сол акт дефектамен бізге жолығуға болады.


Жаңбырдың салдарынан 9 мыңға жуық абонент жарықсыз қалған. Энергетиктер қаланың тозығы жеткен электр желісі табиғаттың дүлей күшіне төтеп бере алмағанын айтады.  

Сергей ДОЛЯ, «БАТҚАЗЭТК» АҚ ҚАЛАЛЫҚ ЭЛЕКТР ЖЕЛІЛЕРІНІҢ БАСТЫҒЫ:

Жаңбырдың қатты жауғаны соншалық, сымдардың жалғанған, оралған жерін үзіп жіберген. Сондықтан  қаланың 40 пайызы жарықсыз қалды. Әлі біраз бағдаршам істемейді. Шынымды айтайын, бәрін бүгін жөндеп бітіре алмаймыз. Әуелі ауруханаларға жарық беруге тырысамыз. Мысалы, кардиологиялық орталық, қариялар үйі сияқты мекемелерде жарық жоқ. Қалғандарына күтуге тура келеді.

Нөсердің салдарынан қаланың біраз бөлігінде  ыстық су беру де тоқтаған.. Синоптиктердің дерегінше, кеше жауған жаңбыр бір жарым айлық нормадан асып түскен.  Мамандар өңірде әлі де бірнеше күн  жауын жауып, дауыл тұрады дейді.

Е. Карин