Спорт Қазақстан
$444.32 €473.33 ₽4.76
×

Павлодарда ес-түссіз жатқан жігіттің туыстары, оны әлде кімдердің ұрып соққанын айтты

AstanaTV
04.06.2021ж. 20:00
2469
Павлодарда ес-түссіз жатқан жігіттің туыстары, оны әлде кімдердің ұрып соққанын айтты

Павлодарда түнгі барға өз аяғымен барған 24 жастағы жігіт жансақтау бөлімінен бір-ақ шықты. Қазір ауруханада ес-түссіз жатыр. Оқиға куәгерлері оның сатыдан секіріп кетіп, жарақат алғанын айтқан. Алайда, жігіттің туыстары бұл нұсқамен келіспейтінін айтып, арнамызға шағымданды. Айтуларынша, оны әлдекімдер ұрып, есінен тандырған болуы мүмкін – дейді. Өйткені, үлкен жігіттің сатыдан секіруі мүмкін емес - деп отыр. Оқиғаның мән-жайын тілшіміз біліп көрді.

24 жастағы Әлішер Советхан  оқиға болған күні, түңгі барға қайын жұртының шақыруымен барыпты. Оған әйелінің туыстары балаларының туған күнін тойлап жатқанын айтқан. Алайда, арада 3 сағат өткен соң, ол ауруханадан бірақ шыққан. Осы аралықта оған нақты не болғанын ешкім білмейді. Тек түңгі бардың әкімшісі мен күзетшісі оның сатыдан секіріп кетіп, жарақат алғанын жеткізіпті. Ал қайын жұрты оның қалай құлағанын  көрмегендерін айтқан. Бірақ, туыстары құлады дегенге сенбейміз – деп отыр.

Марат ЖҰМАДІЛОВ, Ә.СОВЕТХАННЫҢ ӘКЕСІ:

Ұлым ауруханаға түскеннен кейін 1 сағаттан соң, "Мені ұрмаңдаршы, өтінем» - деп есін жия алмай сөйлеп жатты. Кейде әйелін дауыстап шақырды. Сондықтан, біз оның сатыдан өзі құлап кетті - деген сөзіне сенбейміз. Өйткені, денесінің сол жағы көкала қойдай. Яғни, біреу ұрып соққан болу керек. Әйтпесе, құлап кеткен адам ондай жарақат алу да мүмкін емес.

Әлішердің әкесі оқиға болған барға барған. Алайда, ол жерден ешқандай дәлел таппағанын айтады. Тіпті, барда бейнебақылау камерасының жоқтығына да күмәнданып отыр. Ұлының ауруханада ес-түссіз жатқанына бір апта болған. Алайда, әлі есін жимапты. Дәрігерлер жағдайының тым ауыр екенін айтты.

Олег ГОРБУЗЕНКО, ПАВЛОДАР ҚАЛАЛЫҚ №1 АУРУХАНАСЫ ЖАНСАҚТАУ БӨЛІМІНІҢ МЕҢГЕРУШІСІ:


Советхан Әлішер ауруханаға таңғы 4.20-да түсті.  Жағдайы өте ауыр болды. Бас сүйегі сынып, миы шайқалған. Омыртқа сүйектеріне де зақым келген. Өте ауыр жарақат алған. Сондықтан, бірден жансақтау бөліміне жатқыздық. Тыныс алу аппаратымен демалып жатыр. Қазірде жағдайы сол қалпы, өте ауыр.

Аталған іске байланысты  полиция денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру бабы бойынша іс қозғады.

Жанна БІЛӘЛОВА, ПАВЛОДАР ОБЛЫСТЫҚ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ РЕСМИ ӨКІЛІ:


Аталған фактіге сәйкес ҚР Қылмыстық кодексінің 106 бабы 1 бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.  Оқиғаға қатысы бар барлық тұлғалар анықталды. Сот-медициналық сараптама жасалынды. Оқиғаның себебі тергеу барысында анықталатын болады.

Бардың өкілдерімен хабарласу мүмкін болмады. Оқиға орнында тексеру жүріп жатқандықтан, уақытша қызметін тоқтатыпты. Ал әкесі Әлішерді үйінде  әйелі мен 2 жастағы баласы асыға күтіп жүргенін айтты. Туыстары баласын өлімші етіп сабаған кінәлі жазадан сытылып кете ме – деп қорқатындарын жасырмайды.
 
Ө. Қуанар