Әділдік іздеп жүрміз деген бір топ Шығыс Қазақстандық кәсіпкерлер, бүгін Алматыға келді. Олар БАҚ өкілдерін жинап, өздеріне жала жабылғанын айтады. Нақтырақ айтсақ, кәсіпкерлердің екінші бір тобы мемлекеттен субсидия талап етіп, өңірдегі беделді компаниялардың атына кір келтірген деді. Әсем Лесбек тақырыпты тарқатады.
Кәсіпкерлер базынасын жеткізу үшін мегаполиске арнайы келген. Бәсекелестердің кесірінен кәсібіміз тұралап қалды дейді. Олардың шағымынан соң, жөн-жосықсыз тексерулер көбейді деп отыр.
Сәуле ЖҰМАШҚЫЗЫ, КӘСІПКЕР:
Шынымды айтсам бізге не үшін, Серікжан Айкелев бастаған топ жала жапқандарын білмеймін. Біз оларлдың ала жібін аттаған емеспіз. Қазір жалған айыптардың кесірінен атымызға кір келді, құрдымға кеттік.
Лұқбек ТҰМАШЫНОВ, КӘСІПКЕР:
Келіп тексеріп жатыр. Заң құқық қорғау органдары келіп тексеріп жатыр. Прокуратура келді. Салығымызды қарасын, қанша салық төлеп отырмыз. Біздің қол астымызда 3000 адам істейді. Олардың бәрінің жағдайын жасау біздің міндетіміз.
Базыналы кәсіпкерлердің айтуынша, жала жапты деген бизнесмен жолаушылар тасымалдайтын компаниялардың бірінде істейді. Оның мекемесі салық төлемегендіктен, қарызға белшеден батқан, тіпті жұмысшылар да жалақысыз қалған дейді.
Дмитрий СОМОВ, КӘСІПКЕР:
Бізді билікке жақын, соның арқасында байқаулардың 75 пайызын жеңіп алады деп айыптады. Компаниямыз 20 жыл бұрын құрылған. Қаншама адам еңбек етіп отыр. Ал негізінде біз соңғы 5 жылда өткен 170 конкурстың 24-ін ғана жеңіп алдық.
Мәселенің ақ-қарасын ажыратпақ болып, жала жапты деген кәсіпкерге хабарласып көрдік. Бірақ телефон тұтқапсын көтермеді. Еңбегіміз зая кетті деген кәсіпкерлер, Полицияға арыз жазған. Ондағылар қылмыстық кодекстің «Көрінеу жалған ақпарат тарату» бабы бойынша іс қозғап, тергеуді бастапты.
ШҚО ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІ:
Аталған факт бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 274-бабымен қылмыстық іс қозғалды. Тергеу басталып, барлық сараптамалар тағайындалды. Тергеудің толықтығы мен объективтілігін қамтамасыз ету мақсатында қажетті іс-шаралар жүргізілуде.
Шындық іздеп жүрміз деген кәсіпкерлер, жалған сын таққан бизнесмендерге шара қолданылмаса, Президентке хат жазамыз деп отыр. Тірнектеп жинаған абыройды, айрандай төгуге жол бермейміз деп бекінген.
Ә. Лесбек