$498.34 €519.72 ₽4.85
×

"Алтынсарин ашқан ауыл мектебі" атты шара өтті

AstanaTV
14.06.2021ж. 20:00
2664
"Алтынсарин ашқан ауыл мектебі" атты шара өтті

"Алтынсарин ашқан ауыл мектебі". Қостанайда осындай атаумен мәдени-танымдық  бағдарлама ұйымдастырылды. Шара барысында Ыбырай Алтынсариннің педагогикалық әдістемелері мен  балаларға арналған әдеби шығармалары  дәріптелді. Ұлы ағартушының 180 жылдығына орай өткен шараға  шаһардағы қос музей мұрындық болды.

Тобыл-Торғай өңірінде ағартушының  мерейтойына орай ауқымды шаралар ұйымдастырылуда.  «Алтынсарин ашқан ауыл мектебі» атты мәдени-танымдық кешке жиналған  ғалымдар Ұлы ұстаздың педагогикалық мұралары жөнінде сөз қозғап, балаларға арналған әдеби шығармалары туралы әңгімеледі.  

Пиалаш СҮЙІНКИНА, ЫБЫРАЙ АЛТЫНСАРИН ТӨСБЕЛГІСІНІҢ ИЕГЕРІ:

Мектептер ашты. Мектептер жанында кітапханалардың ашылуына мұрындық болды.Алғашқы оқулықтардың авторы. Тіпті педагогикалық әдіскер. Қазақ балаларына орыс тілін оқытудың бастауыш құралын жазды. Тіпті сөздік жасады.
 
Ақылбек ШАЯХМЕТ, ҚАЗАҚСТАН ЖАЗУШЫЛАР ОДАҒЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Ыбырай Алтынсарин даланың қоңырауы емес.Ол өзінің «Таза бұлақ» деген кітабында жазғандай даланың таза бұлағы болды.Бұл таза бұлақтың мөлдір суын академик те ғалым да , диқан да шопан  да қарапайым қазақ баласының бәрі де сусындады. Бәрі де содан дәм татты.Сол арқылы қазақ баласының көзі ашылды.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2021 жылды – «Балалар әдебиеті жылы» деп жариялаған болатын.Ал оның балалар әдебиетінің атасы – Ыбырай Алтынсариннің 180 жылдығымен тұспа-тұс келуі   бекер болмаса керек. Оған қоса биыл ағартушы атындағы мемориалдық музейге- 30 жыл.

Назгүл ШЕКТІБАЕВА, ЫБЫРАЙ АЛТЫНСАРИН МЕМОРИАЛДЫҚ МУЗЕЙІНІҢ ҚЫЗМЕТКЕРІ:

«2021 Ыбырай жылы» атты күнтізбе жарыққа шықты.Бүл күнтізбенің ерекшелігі әрбір беттегі QR-код арқылы парақтап отырғанда Ыбырай туралы бейнематериалдар, ақпараттар  ала алады.Жәнде осы жуырда ғана ұлттық музейде көрме ұйымдастырылды. 180 жылдық мерейтойы қарсаңында «Ыбырай жолы» атты жобамен біздің іс-шараларымыз жалғасып келе жатыр.

Айта кетейік, игі шара мәдениет басқармасының «Кітап алаңы» бастамасымен жалғасты. Жиналған жұртшылық Ұлы ағартушының шығармашылығымен етене танысып, өлеңдерін оқып, көшпелі көрмені тамашалады.

З. Санай