Атырауда бүгін бір топ аналар, бала-шағасын ертіп, әкімдік алдына жиналды. Айтуларынша, олар соңғы уақытта тойынып тамақ жеуді ұмытқан. "Күнделікті тұтанатын тағам құнын жергілікті билік неге ауыздықтамайды" дейді. Әкімдік қызметкерлері кабинетте отырмай, халықпен бірге базарға барсын деп талап қойды. Өңірдегі өзекті мәселені Базаргүл Нәдірқызы тарқатады.
Бүгін таңертең облыстық әкімдік ғимаратының алды азан-қазан болды. Онсыз да айлығы шайлығына жетпей жүрген аналардың қытығына тиген – қымбатшылық. Азық –түлік, коммуналдық төлемдер, тіпті құрылыс заттары бағасының шарықтап бара жатқаны еңсемізді көтертпей қойды,- дейді олар. Жанар Құбышеваның үш баласы бар, оның біреуінің мүмкіндігі шектеулі. Үйелмелі-сүйелмелі отбасы сол бүлдіршінге берілетін жәрдемақымен ғана күнелтіп отыр.
Жанар ҚҰБЫШЕВА, АТЫРАУ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
Менің балаларым иогурт сұрайды, сүт сұрайды. Мен 350 теңгеге бір сүтті алып бере алмаймын. Бір күнге жетпейді маған. Сонда бір айда 3 коробка сүт 10 мың теңгеге аламын. Мен қырық мың теңге ақшаға сүт аламын ба, басқасын аламын ба. 5 литр шемешкі май 4200 теңге дейді. Бұл не масқара. Кім қадағалайды сонда? Етті кеше оразаның мезгілінде волонтерлар қайырымдылық қорынан әкеп берді. Қойдың етін. Болды. сонда жедік.
Кенжегүл ҚҰСПАНОВА, АТЫРАУ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
34 мың ақшаға шықты тамағым. Былай қарасаң ішінде вермишель, рожки, бірсыпыра тамақ. Екі күндік тамақ. Ет жоқ. Ішінде тауығы жоқ. екі бұты тауықтың 1000 меңге дейді. Масқара емес пе? Тамақты да қоймаға тығып отырған болар. Соны білейік деп келдік мында.
Ішерге ас, киерге киім таппай отырған тек көп балалы отбасылар ғана емес, бір-екі балалы ата-аналар да көмекке мұқтажбыз дейді. Жиналғандар бағаны тұрақты ұстай алмай отырған билікке қара қазандай өкпелерін жеткізді. Жағдайды жауаптылар түсіндірсін,- деп талап қойды. Алайда облыс әкімі аналармен кездесуге келген жоқ. Ашынған аналарды орынбасары қабылдады. Бірақ ол да аспандаған бағаның қашан жерге түсетінін айта алмады.
Қайрат НҰРЛЫБАЕВ, АТЫРАУ ОБЛЫСЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Өкінішке орай, Атырауда, білесіздер, тамақтың көбі сырттан келеді. Өзімізде өндірілетін ет-сүт болмаса, ол да толық қамтымайды. Жұмыртқаны да біз қамти алмай отырмыз. Басқа жақтан келеді. Басқа жақтан келгенде өндірушінің шығарған баға. Ренжулерің орынды қызығын көріп жатқандар алыпсатарлар.
Күнделікті тұтынатын 19 түрлі азық-түлік бағасын шектік бағадан қымбаттатпауды кәсіпкерлерге ескертіп тұрамыз,- дейді билік өкілдері. Бірақ мороторийға байланысты оларды жоспарсыз тексере алмаймыз,- деп тағы күмілжіді. Соны пайдаланған алыпсатарлар айласын асыратын көрінеді. Енді мәселенің бір шешімі ретінде әкімдік, өз өнімін делдалсыз сатамын дегендерге қала ішінен 100 жер телімін ұсынбақ.
Б. Надірқызы