Спорт Қазақстан
$443.85 €474.3 ₽4.8
×

Депутаттар "Жүйелі жұмыс жоқ" деп Үкіметті сынады

AstanaTV
16.06.2021ж. 20:00
2084
Депутаттар "Жүйелі жұмыс жоқ" деп Үкіметті сынады

Маңғыстауда бір бау  шөптің бағасы 17 мың теңгеге, бір келі арпаның бағасы 95 теңгеге жетті.  Бұл төрт түлікті кәсіп еткен ауылдағы ағайынға оңай болмай тұр. Жұрт жұт келді деп алаңдайды.   Ал   депуттар осының бәрі жүйелі жұмыстың жоқтығынан деп Үкіметке сын айтты. Елде шешімін таппай тұрған мұнан да өзге түйткілдер бар. Қуаңшылық, бүйірден қысқан қымбатшылық, білім беру саласындағы олқылықтарға  қатысты  депутаттық сауалдар да  жолданды.  Толығырақ Бекболат Сатуовтың бейнематериалында.

Депутат Еділ Жаңбыршиннің  айтуынша, теңіздер мен өзендердің тартылуы, жауын-шашынның  аздығы  көп  аймақтың, әсіресе Атырау, Ақтөбе, Қызылорда, Маңғыстау және Түркістан облыстарының ауыл шаруашылығы саласын аяқтан тартып тұр.  Су тапшылығы мен қуаңшылық жайылымдық жердің күйін қашырды. Жыл басынан бері Маңғыстауда мың жарым мыңға жуық мал қырылған. Қызылордада да жағдай мәз емес.  Мал азығы бағасының еселеп көтерілуі де мәселені онан сайын шиеленістіріп барады.

Еділ ЖАҢБЫРШИН, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ:

Еліміздің мал шаруашылығын дамытуға және оның азығын дайындауға арналған жүйелі-жоспарлы жұмыстың жоққа жақын екенін айқын көрсетіп отыр. ХХІ ғасырда ғарышты игеріп, Аустралия мен Канадан асыл тұқымды мал алдырып, дүниенің бәрін цифрландырып жатқанда, малға азық тауып бере алмай жатқанымыз өте ұят! Қазақ атымызға сын емес пе?

Депутат жұт жайлаған  аудандар мен аймақтарда шұғыл  түрде төтенше жағдай жариялануын және  оларға тиісті  көмектер көрсетуді сұрады. Сондай-ақ қуаңшылықтан қиындық көріп отырған өңірлерге басқа облыстардан мал жаюға және мал азығын дайындауға жер телімдері уақытша   берілсін деген ұсыныс айтты.

Ал, депутат Айбек Паяев  елімізде өсірілетін  бидайды өзге  мемлекеттер шикізат ретінде алып, нарыққа шығарып, пайда тауып отырғанына қынжылады.  Біз бар нәрсені ұқсата алмай отырмыз дейді.

Айбек ПАЯЕВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ:

Өзбекстан ұн тарту саласын дамытып, диірменді кәсіпорындар салды.Қазақстаннан баратын бидайдан қосымша құн салығын алып тастады. Бидайымыздан ұн шығарып оны тек ішкі нарығымен қамтып қана қоймай, біздің ұнымызды сатып алатын Ауғанстанға да,  басқа да нарықтарға ұнды жібермекші.Сонда біздің үкімет ұйықтап отыр ма? Қайда біздің айна шараларымыз?

Тағы бір өзекті мәселе-1 және 5 сыныптарға арналған  ағылшын тілі оқулығында кемшілік көп. Депутат Мақпал Тәжмағамбетованың айтуынша, Білім және Ғылым министрлігі тарапынан оң баға берілген оқулықта ойға қонымсыз дүниелер кездеседі.   Ақылға сыймайтын ертегілер, менталитетімізге жат мәтіндер    жас ұрпақты адастырады дейді мәжілісмен.

Мақпал ТӘЖМАҒАНБЕТОВА, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «NUR OTAN» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:


Екінші сыныпқа арналған оқулықта ұлттық дәстүрдің қатарына пасха мен масленницаны енгізіпті. Мұны әрине, қазақстандық мерекелер деп көрсетсе түсінуге болады. Қазақтың салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары деп жазылған тақырыпта шілдехана мен баланы қырқынан шығару сияқты салт-дәстүрдің жанында діни мерекелер неге жүр?

 
Ал Депутат Дариға Назарбаева жекеменшік балабақша қызметкерлерінің жалақысын көтеруге қатысты сауал жолдады. Бұған дейін бұл мәселе қаралған. Бірақ әлі шешімін таппай тұр. Жергілікті әкімдіктер республикалық бюджетке қосымша қаржы бөлу жөнінде өтінім берсе де, қаражат әлі жоқ.

Б. Сатуов