Солтүстік Қазақстанда тағы да құс тұмауы анықталды. Айыртау ауданының орталығы Саумалкөл ауылында жабайы құстар қырылып қалды. Ауыл тұрғындарының айтуынша, 100-ден астам үйрек пен екі шағала өлген. Ветеринарлар алған сынаманың сараптамалық қорытындысы бойынша жабайы қанаттылардың тұмауға шалдыққаны расталды. Дертті жұқтырудың жаңа дерегі тіркелген жоқ. Сала мамандары құстарға вакцина салу жұмыстарын қолға алды. Олар "үй құстарына қауіп жоқ" деп отыр.
Қайырлы ҚАЗАНОВ, СҚО ВЕТЕРИНАРИЯ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ:
Бүгінде Саумалкөлде 7600 құсқа екпе жасалды. Ал облыс бойынша 485 мың құсқа вакцина салынды. Бұл жұмыс әлі жалғасын табады. Вакцина жеткілікті. Әзірге жағдай тұрақты. Біз аймақтағы ахуалды күнде бақылап отырмыз.
Еске салайық, былтыр өңірдегі эпизоотияның салдарынан жарты миллионнан астам тауық-қаз қырылып қалды. Оның зардабын құс фабрикалары тартып, біраз қиындық туған болатын.
А. Құрманкин