Спорт Қазақстан
$448.15 €483.46 ₽4.86
×

Білім беру саласының қызметкерлеріне вакцина салдыру міндеттеледі

AstanaTV
29.06.2021ж. 20:00
1851
Білім беру саласының қызметкерлеріне вакцина салдыру міндеттеледі

Білім беру саласының қызметкерлеріне вакцина салдыру міндеттеледі. Бұл туралы Премьер-министр Асқар Мамин айтты. Екпе алуы тиіс болғандардың тізіміне қызмет көрсету мамандары да қосылады. 5 ай бұрын басталған науқанның қазіргі жайы қалай? Үкімет өзіне жүктелген жұмысты атқара ала ма? Әріптесім Асылбек Даниярдың материалында.

Асылбек ДАНИЯР, ТІЛШІ:

Үкіметтің әдеттегі әуеніне айналған "вакцинаның" жыры әлі жалғасып жатыр. Ақпаннан бері жүргізіліп жатқан науқанның кестесін кейбір аймақтар орындай алмай келеді. Асқар Маминнің де бұған көңілі толмай отыр. Бүгін Маңғыстау, Атырау, Батыс Қазақстан облыстарының әкімдеріне тапсырма жүктелді. Олар екпе салу қарқынын жоғарлату керек. Жұмыс  сөз күйінде емес, іс жүзінде жүзеге асуы тиіс.

Ал, денсаулық сақтау министрі соңғы аптада коронавирус жұқтырғандардың саны бірден 39 пайызға артқанын хабарлады. Әсіресе, "дельта" штаммы анықталған Нұр-Сұлтан мен Алматыда. Елордадағы жұқпалы ауруханалардың жартысынан көбі толып қалған. Жансақтау бөлімдерінде төсек-орынның 74 пайызы бос емес.  

Алексей ЦОЙ, ҚР ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ МИНИСТРІ:

Республика бойынша инфекциялық төсектердің жүктемесі 27% құрайды. Ал, реанимациялық төсектер - 24%. Екі қалада аурушаңдықтың 1,7 өскен.

Биліктегілер "Індеттен құтылатын жалғыз жол - екпе салдыру" екенін айтудан жалығар емес. Сонау АҚШ-та басталған халықты вакциналауға шақыруға арналған ынталандыру жұмыстары Қазақстанға енді жеткендей. Нұр-Сұлтан қаласының әкімі бастады, әрі қарай Алматы қаласы, Атырау мен Маңғыстау облысының басшылары қоштады.

Серікбай ТРҰМОВ, МАҢҒЫСТАУ ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ:


Өңірде 22 маусымнан бастап басты жүлде - Ақтау қаласында 2 бөлмелі пәтерге ұтыс ойыны жарияланды.Вакцина алушылар қарқынын арттыру үшін апта сайын тұрмыстық техника, смартфондар, тоңазытқыштар, теледидарлар сияқты бағалы сыйлықтар ойнатылып тұратын болады.

Атырау облысының әкімі өңір тұрғындары арасында ақшалай сертификат ойнатуға кіріспек. Ал, шілдеде екпе салдыратын елордалықтар үшін ең қымбат маркалы 20 ұялы телефон ұтысқа тігілді.

Асылбек ДАНИЯР, ТІЛШІ:

Еске сала кетейік, Денсаулық сақтау министрі күзге дейін вакцина алғандардың санын 10 миллионға жеткізуді жоспарлаған еді. 5 айдың ішінде 3 миллион адамға ғана екпе салдырған бас дәрігер алдағы 2 айдың ішінде белгіленген межеге жете ме? Әлде міндетті вакциналауға сенім артылып отыр ма? Мұны әрине уақыт көрсетеді.


А. Данияр