$525.87 €614.37 ₽6.72
×

М.Құл-Мұхаммед Қарағанды облысында Президент тапсырмасын жүзеге асыру барысымен танысты

AstanaTV
28.08.2017ж. 20:00
1826
М.Құл-Мұхаммед Қарағанды облысында Президент тапсырмасын жүзеге асыру барысымен танысты

Қарағанды облысы экономиканың түрлі саласы бойынша көш бастап тұр. Өңірде өнеркәсіп өнімінің көлемі қарқынды өсіп, республиканың басқа аймақтарынан 10 пайызға алда. «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммед Мемлекет басшысының кәсіпкерлікке қолдау көрсету, жаңа заманауи өндіріс ошақтарын құру және жаңа жұмыс орындарын ашу тапсырмасының жүзеге асу барысымен танысу үшін Қарағанды облысына арнайы барды.

Ескі көліктерді жою зауыты Қазақстанда ғана емес, Орталық Азияда ешқандай баламасы жоқ. Зауытта автокөліктермен қатар пайдалануға жарамайтын арнайы және ауылшаруашылық техникалары да жойылады. Мұндағы индукциялық балқыту пешінің бір жылдық жобалық қуаты 22 740 тоннаға дейін жетеді. Бұл бір жылда 50 мың ескі автомобиль қайта өнделеді деген сөз. Зауытта автоқалдықтардан пештік отындар, шойын, болат, алюминий, түрлі-түсті металл құймалары және резеңке қиындылары дайындалады. Аталмыш жоба индустриалды-инновациялық даму бағдарламасының арқасында іске қосылған.

Мұхтар Құл-Мұхаммед, «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары:

Елбасымыз Қазақстанның қарқынды дамуы үшін, әрбір қазақстандықтың бай-қуатты болуы үшін барлық жағдайды жасап отыр. Ел дамуының «Қазақстан-2050» Стратегиясы жасалды, «100 нақты қадам» атты Ұлт жоспары жасалды. Оларды жүзеге асыру үшін жыл сайын мемлекеттік бюджеттен триллиондаған теңге қаражат бөлінуде. Сонда бізге не қалды? Бізге тек білек сыбанып жұмыс істеу ғана қалды. Бүгін мен Қарағанды облысында Елбасы тапсырмаларының, әсіресе индустриалды-инновациялық даму барысындағы тапсырмаларының нақты орындалып жатқанының куәсі болдым.

«Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Құл-Мұхаммед Қарағанды өңіріне Елбасы бастамаларының жүзеге асу барысымен тікелей танысу үшін арнайы келді. Мысалға, Қазақстандағы мына логистикалық орталығы ірі отандық фармацевтикалық компаниялардың хабына айналған. Заманауи қондырғылармен жабдықталған орталық медициналық препараттарды жеткізушіден тұтынушыға дейінгі тасымалдау кезеңінде сапаның жоғары деңгейде сақталуына кепілдік береді. «Бизнестің жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламасының арқасында аталған нысанның қажетті инфрақұрылымы жүргізіліп, жобаның несие бойынша сыйақы ставкалары субсидияланған.

Орынбасар АРЫСТАНБАЕВ,  көлік-логистикалық орталықтың қызметкері:

Осы жерде жұмыс істегеніме 6 жыл болды. Уақытылы айлығымызды аламыз. Үлкен, осы таза жерде, үлкен ғимарат алып берді. Осы Елбасымыздың арқасы деп ойлаймын.

Кеншілер өңіріндегі тағы бір заманауи кәсіпорын - құбырларды изоляциялау зауыты. Зауыттың басты ерекшелігі өнім сапасының әлемдік стандарттарға толығымен сай болуында. Сондай-ақ, өндіріс ошағы «жасыл технологияға» негізделген. Соның нәтижесінде бұл жерден ауаға зиянды қалдықтар таралмайды. Зауыттың өнімдері жылу құбырларынан бастап, мұнай құбырларын жүргізуге дейін қолданылады. «Нұрлы жол» бағдарламасының арқасында кәсіпорын 100 пайыз тапсырыспен қамтылған. Болашақта отандық кәсіпорны өз өнімін экспортқа шығаруды жоспарлап отыр.  Мұхтар Құл-Мұхаммед өңірде ашылған жаңа кәсіпорындардың маңызы мен тиімділігін жоғары бағалап, Елбасы қойған тапсырмалар мен міндеттерді орындау үшін барлық күш-жігерді жұмсау керек екенін айтты.