Спорт Қазақстан
$447.4 €477.55 ₽4.76
×

Қызылордада Арал ауданының оқушылары жаңа оқу жылында әкімдік ғимаратында оқиды

AstanaTV
13.07.2021ж. 20:00
2305
Қызылордада Арал ауданының оқушылары жаңа оқу жылында әкімдік ғимаратында оқиды

Қызылорда облысы Арал ауданы Тоқабай аулының 150 оқушысы жаңа оқу жылында мектептің емес, әкімдік ғимаратының табалдырығын аттайды. Өйткені, елді мекендегі небәрі бес жыл бұрын ғана пайдалануға берілген білім ошағы апатты деп танылып, кіруге тыйым салынған. Арада бір жыл өтсе де жаңа құрылыс бастауға асықпаған билікке тұрғындардың өкпесі қара қазандай.

Бұл мектеп 2015 жылы пайдалануға берілген. Аз уақыттың ішінде ғимараттың қабырғалары сөгіліп, ажырай бастапты. Едендері де күн өткен сайын мүжіліп жатыр.  Былтыр балалардың өміріне қауіпті болғандықтан, бір тоқсан бойы әкімдік ғимаратында оқуға мәжбүр болған. Бірақ онда оқушыларға еш жағдай жасалмаған. Енді тұрғындар биыл да сол көріністің қайталанатындығына наразы.

Гүлмараш ӘБІЛТАЕВА, АТА-АНА:

Қиын болды. Балалар сыймады. Ең көп дегені 24 баладан болды. Оның үстіне суық болды. Іші ремонтталмаған, балалар тоңды. Бірақ амал жоқ. Оқу керек, оқыды.

Нағашыбай САРИЕВ, АТА-АНА:

Бізге мектеп керек бірінші. Оны мобильный қылып салып бере ме? Салып жатыр ғой қазір бір айда солай. Білмейм мектеп салып берсін.


Облыстық білім басқармасындағылар жаңа құрылыстың биыл да басталмайтындығын ашық айтты. Әзірге апатты ғимаратқа зерттеу жүргізу үшін және жобалық-сметалық құжаттар дайындауға облыстық бюджеттен 14 млн. теңгеден астам  қаржы бөлінбекші.  

Бағдат БЕРДӘУЛЕТОВ, ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСТЫҚ БІЛІМ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:


Апатты деп 2020 жылы қорытынды шығарылған, негізгі іргетасының отыруына байланысты. Сапалы салынуы немесе сапасыз болуынан орын алып отыр апатты жағдай деу үшін арнайы сарапталық жұмыстар жүргізулуге тиісті. Жер асты сулары көбейіп кетеді. Сондай жағдайлардан да орын алуы керек. Сондықтан оған тиісті бағаны арнайы сараптамалар, арнауы мамандар беру керек.

Осы сараптамадан кейін ғана білім ошағының мәселесі шешіледі. Оған дейін балалар тағы да әкімдіктің тар ғимаратында білім алатын болады.  

М. Тоқтасынқызы