$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Біртановтың үй қамақ мерзімі қыркүйекке дейін ұзартылды

AstanaTV
14.07.2021ж. 20:00
1722
Біртановтың үй қамақ мерзімі қыркүйекке дейін ұзартылды

Бұрынғы Денсаулық сақтау минситрі Елжан Біртановтың үй қамақ мерзімі тағы 2 айға ұзартылды. Нұр-Сұлтан қаласының соты осындай ақпарат таратты. Бұл уақыт аралығында процесске қатысушылардың іс-материалдары қаралады. Экс-министр сот әділ шешім шығарады деп үміттеніп отыр.  Елжан Біртанов өзіне тағылған айыпты бұл жолы да мойындаған жоқ. Сондай-ақ, Қазақстанның бұрынғы бас дәрігері цифрлық даму министріне тапсырма беруді сұрады. Айтуынша, Үкімет платформаның алдағы тағдырын шешуі тиіс. Сондықтан Бағдат Мусин «Ericsson» компаниясының өкілдерімен келіссөздер жүргізуі керек.

Елжан БІРТАНОВ, ЭКС-ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ МИНИСТРІ:

Менің ойымша, бұл күдіктердің бәрі негізсіз. Мен бұл істің заңсыз қозғалғанын айтқым келеді, оны тоқтатып, цифрландыру, ақпараттық платформа жөніндегі жұмысты тез арада аяқтап, қазір зардап шегіп жатқан мемлекеттің мүдделерін толық көлемде қорғау керек. Бұл пайдасыз және зиянды істі тоқтатыңыздар. Менің адвокаттарымның өтінішін қабылдап, конституциялық құқықтарымды қорғауды, тергеушінің өтінішін қабылдамауды сұраймын.

Естеріңізге сала кетейік, өткен аптада Қаржы мониторинг агенттігі Елжан Біртанов пен оның орынбасары Олжас Әбішевке қатысты сотқа дейінгі тергеуді аяқтады. Екеуі де жұмыс істемейтін ақпараттандыру платформасын қабылдады және іске қосу арқылы қызмет бабын асыра пайдаланды деген күдікке ілінген болатын. Сондай-ақ, Біртановқа коронавирус диагнозы қойылған кезде санавиация ұшағын  жеке басының жұмыстарына қолданған деген айып тағылды. Экс-министрдің адвокаты Елжан Біртанов ауырып тұрғандықтан басқа жолаушылардың денсаулығына қауіп төндіргісі келмеген соң осындай  шараларды қабылдауға мәжбүр болғанын жеткізді.

Нұрлан БЕЙСЕКЕЕВ, Е.БІРТАНОВТЫҢ АДВОКАТЫ:


Елжан Амантайұлы премьер-министр мен Үкімет мүшелерінің ғана емес, қарапайым азаматтардың да денсаулығына қауіп төндіргісі келмеді. Сондықтан ол үкіметтік бортты да, азаматтық авиакөлікті де пайдалана алмады. Санавиация бортын пайдалануға мәжбүр болды. Бұны премьер-министрдің өзі де құптаған.

А. Данияр