Спорт Қазақстан
$442.05 €474.14 ₽4.74
×

Ерейментаулық шаруалар өздеріне тиесілі субсидияны ала алмай жүр

AstanaTV
15.07.2021ж. 20:00
1933
Ерейментаулық шаруалар өздеріне тиесілі субсидияны ала алмай жүр

Ақмолалық шаруалар соңғы екі жылдан бері өздеріне тиесілі субсидияны ала-алмай келеді. Ерейментау ауданының 40-қа жуық кәсіпкері мал тұқымын асылдандырамын деп шығынға батқандарын айтады. Ауылшаруашылығын қолдау қорының сөзіне сеніп, қымбат бұқаларды сатып алған. Алайда, араға бірнеше ай салып, шенділер министрліктің жаңа қаулы қабылдағанын жеткізген. Шаруаларды қыспаққа алған Заңдағы өзгерісте не жазылған? Малына жем-шөп сатып алу тұрмақ жайылымыға жарымай жүрген жұрттың жайы енді не болмақ? Тұрғындардың жан-айқайын әріптесім Ғалымжан Өтеміс тыңдап қайтты.

Иә, Ерейментаулық шаруалардың күте-күте төзімі таусылды. Былтырдан бері әр мал басына берілетін субсидияны ала алмай жүр. Жығылған үстіне жұдырық. Тіпті, ауыл маңындағы жайылымдық жерлер де бай бағландардың қолына өтіп кетіпті.

Мына бір кәсіпкер халық тұрмақ әкімді де жерінен қуып шыққан. Құжаты толық дайын болмаса да қарасына шөп шапқан шаруаларға қоқан лоққы көрсетіпті. Ашынған жұрт, бір жылда жағдайдың толық өзгергенін айтады. Бұған дейін, жерді жалға алып, асыл тұқымды малына субсидия алып жүрген. Алайда, былтыр министрлік жаңа заң қабылдап, шаруалар тығырыққа тірелгенін жеткізді. Жаңа өзгеріске сәйкес, әр шаруаның жері болмаса, субсидия берілмейді екен. Мұны тіпті алдын-ала ескертпеді деп отыр.  

Бекзат СЕРІКБАЙ, ШАРУА:

Заранее ескерту керек еді. Бұқа алмаңдар! Сендерге ештеңе берілмейді десе, біз басқаша тірлік жасар едік. Егер де бастықтар ауылды ұстап қалам десе, бізге қолдау көрсетуі керек.

40-қа жуық шаруаның әр қайсысында 50-ден астам ірі қара бар. Сатайын десе, еңбегін ақтамайды, жұмысын жалғастырайын десе, шамасы келмей дал. Ал, аудандық ауылшаруашылығы бөлімінің басшылары қолдарынан келер қайран жоқ екенін айтады. Олар да министрлікке талай рет хат жолдаған. Бірақ, әлі күнге жарытып жауап алмапты.

Владимир МЯСНИКОВ, ЕРЕЙМЕНТАУ АУДАНЫ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ БӨЛІМІ БАСШЫСЫНЫҢ М.А:

Иә, жерді жалға алып қажетті қолдауды алып жүрді. Бірақ, былтыр жаңа заң қабылданып, шаруалардың қолы қысқа болып отыр. Неліктен қабылданғаны ақылға қонымсыз. Ауылды сақтап қалу біз үшін де маңызды іс. Бірақ, күмәнді қарарлар көп болып тұр.


Қазір тек бір аудан емес, күллі аймақтағы шаруалардың жайы мәз емес. Заң қабылдарда қандай тетіктер қарастырылғанын, енді шаруаларға қандайда бір көмек бар ма деп, жауапты министрлікпен тілдестік. Алайда, департамент басшылары да мұндай заңның қабылданғанынан бейхабар болып шықты. Бар айтқандары...

Үміт артқан халықтың сансыз сауалы әзірше жауапсыз қалды. Бірақ, құзырлы министрлік орын алған келеңсіздіктер мен нақты сауалдарға жуықарада жауап береміз деп уәде етті.

Ғ.Өтемісов