Спорт Қазақстан
$443.85 €474.3 ₽4.8
×

Түркиядағы өрт әлі толастар емес

AstanaTV
03.08.2021ж. 20:00
2330
Түркиядағы өрт әлі толастар емес

Түркиядағы қазақстандықтардың жағдайы туралы СІМ түсініктеме берді. Ведомстваның мәліметінше, қазақстандық азаматтардың ешқайсысы консулдықтан көмек сұрамаған. Егер қажет болса, туристік агенттіктер отандастарымызды қауіпсіз жерге жеткізеді, деді сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі.

Айбек СМАДИЯРОВ, ҚР СЫРТҚЫ ІСТЕР МИНИСТРЛІГІНІҢ РЕСМИ ӨКІЛІ:

Түркияда орын алған өрт салдарынан зардап шеккендердің арасында ҚР-ның азаматы жоқ. Олардың ешқайсысы консулдыққа көмек сұрап, хабарласқан жоқ. Өйткені жергілікті туркомпаниялар мен қонақүйлер зардап шеккендерді қауіпсіз жерге өздері өз күштерімен көшірді.

Жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарының мәліметінше, Түркияда соңғы 5 тәулікте 125 ірі өрт тіркелген. Тілсіз жаудың ең үлкен ошағы Анталия мен Мугла провинцияларының ормандарында пайда болған. Осы жердегі 6 ауданның тұрғындары эвакуацияланып, 10 адам қаза тапты. Төтенше жағдайдың алдын алу үшін Түркияның барлық өңірінен өрт сөндіру техникасы тартылған. Ресми мәліметтерге сәйкес, 125 өрттің 117-сі сөндірілген. Алайда, әлемдік БАҚ елдің оңтүстік жағалауының едәуір бөлігін түтін жауып тұр деп жазуда. Сондай-ақ   туристер мен блогерлер видеоға түсіріп, әлеуметтік желіге жүктеп жатыр.

Нұрия БӘШІРОВА, ТУРКОМПАНИЯ ДИРЕКТОРЫ:

Алапат орман өрттері туралы хабарламаларға қарамастан біздің елден барған туристер Түркияда демалуды жалғастыруда. Әлі де жолдама сатып алып жатқандар бар. Өртке байланысты туристер жолдамаларынан бас тартқан жағдай тіркелген жоқ.  Қонақүйлерге залал келмеген. Турист өз жолдамасын кері қайтарғысы келсе, қонақүйлер айыппұл салады.  

Л. Қуанышқызы