Оралда жасотандықтар жаппай қан тапсырып жатыр. Игі істі олар дәстүрге айналдырған. Ал бұл жолы қанға мұқтаж жандарға көмек беру керектігін әлеуметтік желі арқылы хабарлап, өз замандастарына үн қатыпты. Шақыртуды қабыл алғандар аз емес. Бүгін отызға тарта жасотандық өз еркімен қан тапсырды.
Нұрғали ЖОЛДАСҚАЛИЕВ, «JAS OTAN» ЖҚ БҚО ФИЛИАЛЫ ЖЕТЕКШІСІ:
«Jas Otan» Жастар Қанаты осы акцияны жыл сайын ұйымдастырып тұрамыз. Жылына үш-төрт рет. Осы акцияны ақпан айында ұйымдастырылған болатын. Бір өмірді құтқарсақ, ол - біз үшін үлкен бақыт. Сондықтан адам өзінің денсаулығына байланысты осы қан орталығына келіп қан тапсырса деген ниетіміз бар.
Оралдағы қан орталығына күн сайын отыз шақты адам келіп, қан тапсырады екен. Сондықтан мұнда тапшылық жоқ, дейді дәрігерлер. Олар донор болу адам ағзасына пайдалы екенін айтты. Дені сау адам уақытылы қан тапсыруды әдетке айналдырса, ағзадағы қан айналым және иммундық жүйесі жақсарады. Тіпті қатерлі ісік аурулары мен тыныс жолы ауруларына сирек шалдығатынын жеткізді.
Кәмшат АЙТҚАЛИЕВА, БҚО ҚАН ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ДӘРІГЕРІ:
Соңғы кезде жастар арасында қан тапсырушылар көбейіп келеді. Бұл оңды өзгеріс жақсы үрдіске айналды. Бүгін бұл іске «Nur Otan» партиясының мүшелері де ат салысып жатыр. Негізі қан қоры жеткілікті, емдеу мекемелері де қаннан тарыққан емес. Бірақ осылай қолғабыс етуге ниет еткен жастарға ризамыз!
Е. Карин