Ауғанстандағы 25 отандасымыз елге жеткізілді. Бірер сағат бұрын 42 жолаушысы бар әскери ұшақ Алматы әуежайына қонды. Бұл туралы Қорғаныс министрлігі хабарлады. Эвакуацияланғандардың 15 -і- ересек адам, 10-ы бала. Онан бөлек осы ұшақпен Қырғызстан тарапының өтінішімен 14 қырғыз азаматы әкелінген. Сондай-ақ 1 Ресей және 1 Литва азаматы эвакуацияланды. Қауіпті аймақта әлі 10 қазақстандық дипломат бар, олар жұмысын жалғастыруда. Егер Ауғанстаннан еліне қайтқысы келетін қазақстандықтар болса, Кабулдегі елшілікке хабарласуы қажет.
Айбек СМАДИЯРОВ, ҚР СЫРТҚЫ ІСТЕР МИНИСТРЛІГІНІҢ РЕСМИ ӨКІЛІ:
Ауғанстандағы қазақтармен тұрақты байланыстамыз. Кейінгі күндері Қазақстан елшілігіне өзін қазақпын деп таныстыратын түрлі азаматтар тобының жүгіну жағдайлары жиілеп кетті. Бірақ іс жүзінде олар ешқандай дәлел келтіре алмайды. Олардың кейбіреуі қазақ тілінде сөйлемейді және ата-бабаларының Ауғанстан аумағына қоныс аудару тарихы мен ру-тайпалық байланыстары туралы айта алмайды.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Сыртқы істер министрлігіне қауіпсіздікті қамтамасыз етіп, этникалық қазақтардың отанына оралу үшін көмек көрсетуді тапсырған. Кабулдағы елшіліктің мәліметінше, Ауғанстанда 15 -ке жуық этникалық қазақ отбасы , шамамен 200-ге жуық адам тұрады. Бірақ нақты саны белгісіз. Шалғайдағы аудандарда басқа отбасылар да болуы мүмкін.
Л. Қуанышқызы