Спорт Қазақстан
$446.49 €475.38 ₽4.79
×

Шаруалар кебек бағасының қымбаттағанына наразы

AstanaTV
09.09.2021ж. 20:00
3221
Шаруалар кебек бағасының қымбаттағанына наразы

Қымбатшылық кебекке де жетті. Ақтөбелік шаруалар наразылық білдірді. Көктемде тоннасы 57 мың теңге болған мал азығы, қазір шамамен екі есе бағада сатылып жатыр. Бұған не себеп? Бағаның шарықтауын тоқтату үшін жергілікті әкімдік қандай шара қолданып жатыр? Тараптарды тыңдап қайтқан тілшіміз баяндайды.

Ақтөбеде биыл егіннің шығымы нашар. Құрғақшылықтың кесірінен шаруалар шөпті де жөнді жинай алмады. Енді жығылғанның үстіне жұдырық – күн өткен сайын жемнің бағасы қымбаттап жатыр.

Ерлан ЖАНБОСЫНОВ, ШАРУА ҚОЖАЛЫҒЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

 
Ең арзаны бұрын кебек болатын. Биыл 100 мыңға таяп қалды. 90-95 теңге деп тұр. Бұл әлі соңғы баға емес. Жыл аяғына дейін өседі.


Таза арпа мен бидайды малға беру қалтаға әжептәуір салмақ. Сол себепті, шаруалар арзанынан кебек, жарма сатып алып, амалдауға мәжбүр. Сөйткен кебектің де бағасы осы күзде бидай құнымен теңесуге шақ қалып тұр. Мысалы, Жаңа Әлжан ұн комбинатында бір тонна бидай 105-110 мың теңге болса, қапшыққа салынған кебектің құны – 90 мың теңге.

Әмір БАСПАНОВ, ЖАҢА ӘЛЖАН ҰН КОМБИНАТЫ САТУ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:

 
Көктемде кебектің сату бағасы 57 тг болды, содан кейін 65, 70 теңге болды. Осы жақында біз 85 теңгеге көтердік. Себебі, тапшы болып тұр. Сұраныс көп. Басқа облыстарда да тап сондай бағаға сатып жатыр. Оралды қараңыз, Қостанайды қараңыз. Бұл баға қазіргі нарықтың бағасы. Егер бағаны түсірсек, бәріне беруге үлгермейміз. Көтерген себебіміз, кімде ақша бар, сол алып алады.

Ақтөбе фермерлік орталығы қауымдастығының төрағасы қанша жерден сұраныс болса да, кебектің бидай бағасымен бірдей болуы дұрыс емес дейді. Оның пікірінше, кебектің құны 40-50 мың теңгеден аспауы керек. Ал, жемнің бұл түрі жергілікті шаруаларға қолжетімді болу үшін,  Ресей мен Белорусь елдеріне кебектің сатылуына шектеу қою керек деп есептейді.

Марлен БАЙМАҒАМБЕТОВ, АҚТӨБЕ ФЕРМЕРЛІК ОРТАЛЫҒЫ ҚАУЫМДАСТЫҒЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:


Біздің министрлік тек жемнің екі түріне шектеу қойды. Ол сұлы мен қара бидай. Ол көп сұраныста жоқ. Нақты сұраныста: арпа, кебек, шемішкі дақылының қалдықтары, бидай дақылының қалдықтары. 4,5 классты бидай. Соларға шектеу жоқ. Сондықтан, қазір мал азығына дефицит. Ақша бар, сатып алуға дайынбыз. Дефицит болған соң, жергілікті баға өте қымбат.

Жергілікті әкімдік болса, жеке кәсіпкерлердің баға саясатына араласа алмаймыз дейді. Ауыл шаруашылығы басқармасының мамандары тек сәл де болса, төмендетуге ұсыныс берумен шектеліп отыр.

Исатай ЕСПАҒАНБЕТОВ, АҚТӨБЕ ОБЛЫСТЫҚ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:


Облыс бойынша 8 мал азығын сататын кәсіпкерлермен сөйлесіп отырмыз. Оларға ұсыныс айтып отырмыз. Ауа-райының қолайсыздығына байланысты шаруаларға түсіністікпен қарап, бағаны белгілі бір деңгейде қой деп. Қазір бірқатар келісім бар. Фуражды 80 мың теңгеге сатуға келісіп отыр.

Бүгін ұн комбинаты алдына жиналып, бағаның түсіруін талап еткен шаруалар бұл мәселені ертең диірмен басшылығымен кездесіп, тағы да  талқыламақ.

Г. Сейтенова