$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Түркістан облысында балалар мектепке сыймай жатыр

AstanaTV
16.09.2021ж. 20:00
3552
Түркістан облысында балалар мектепке сыймай жатыр

Түркістан облысы Келес ауданындағы орта мектепке бала сыймай жатыр. Сынып бөлмелері жетіспегендіктен қосалқы бөлмелерге дейін кабинетке айналған. "Балалар тіпті  АКТ залында түрегеп тұрып сабақ оқиды" дейді арнамызға шағымданған  ата-аналар. Тар бөлмелерде карантин талаптары сақталып жатыр дегенге де сенбейтіндерін  айтады.   Мәселенің мән-жайын тілшіміз Айзада Төрекбекқызы анықтап көрді.

Жиналған бұл топ -Ақжол ауылындағы Сұлтанбек Қожанов атындағы мектептің ата-аналары.  Елдімекенде жалғыз білім ошағы бар, оның өзі-ескі дейді. Оқушы саны артқан сайын  бос кабинет қалмай барады. Тап-тар бөлмелерге тығылған балалардың денсаулығына алаңдайтындарын айтады. Карантин талаптары жайына қалды деп ашуланады.

Гауһар ЖОРАЕВА, АТА-АНАЛАР КОМИТЕТІНІҢ МҮШЕСІ:

Өзім ата-аналар комитетінің мүшесі болғаннан кейін келіп көргенмін. Бір мұғалім 20 минут тоқтамай жүрді ары-бері балаларды сүйретіп. Сабақтың 20 минуты өтіп кетті. Сосын мен сұрамаймын ба неғып жүр бұлар деп, класс таппай отыр. Класты оқуға ақырында АКТ залына барып сол жерді ашып, сол жерде отырды. Енді АКТ залда ешқандай орындық жоқ бізде.

45 жылдық тарихы бар мектеп 600 орынға лайықталған. Бірақ  қазір мұнда мыңға жуық  бала білім алады. Сынып бөлмелерінің тапшылығын мектеп басшылығы да  растап отыр. Білім ошағының қосалқы бөлмелеріне дейін  сынып кабинетіне  айналған. Зертхана, киім ауыстыратын жерді де, тіпті  әжетхананы да қажетке жараттық дейді ұстаздар. Кей күндері мұғалімдер бөлмесінде де сабақ өтуге тура келетінін жасырмады.

Луиза АҚБАЙ, №18 С.ҚОЖАНОВ АТЫНДАҒЫ МЕКТЕП ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОҚУ ІСІ ЖӨНІНДЕГІ ОРЫНБАСАРЫ:

Бөлетін кабинет таппағандықтан бір кабинетке екі мұғалім кіріп, бөле алмастан, екі мұғалім бірге сабақ өткізіп жатты. Ал енді ол дұрыс емес негізінде +соны жою мақсатында бүгін енді АКТ залын қарастырамыз деп отырмыз. Парта қойып, орындық қойып, балаларды сол жерге де бөліп оқытуға.

Мектепте жөні түзу тақта, парта мен орындық та жоқ секілді. Барлығы әбден ескірген.  Ата-аналар жабдықтардың  жаңаланбайтынына ашынады.  

Мектеп басшылығы  қарсы беттегі бос   ғимаратты сұрап,  екі жылдан бері жоғарыға бірнеше рет хат жазған.  Бірақ , әзірге нәтиже жоқ дейді.  Ал құзырлы орындардың жауабы мынадай:

Насыр СМАТОВ, КЕЛЕС АУДАНДЫҚ АДАМИ ӘЛЕУЕТТІ ДАМЫТУ БӨЛІМІНІҢ ӘДІСКЕРІ:
 
Бала сиымдылығы қажеттілік бар. Ғимарат тұр ғой алдында сұралып жатқан . Оған қазір сұраныс процесс жүріп жатыр әкімшілікке өткізуге балансына. Шекара қызметтерінікі еді ғой ол.  +Ол жақында шешіліп қалады деген не бар.

Шешілген күнде мектепке беріле ме, жоқ па ол жағы белгісіз.Немесе, ауылға жаңа мектеп салына ма, аудандық өкіл онан да бейхабар.  Бірақ, парта мен орындық, тақталарға сұраныс жасалды деді,  ал оның да қашан жеткізілетінін нақты  айта алмады.   

А. Төребекқызы