$515.25 €535.91 ₽5.18
×

«Ақтөбе» ФК бұрынғы бас директорына қатысты сот процесі басталды

AstanaTV
03.04.2017ж. 20:00
2340
«Ақтөбе» ФК бұрынғы бас директорына қатысты сот процесі басталды

Бүгін «Ақтөбе» ФК бұрынғы бас директоры Дмитрий Васильев пен облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасына жетекшілік еткен Ескендірбек Махановқа қатысты сот процесі басталды. Васильев Қылмыстық кодекстің «Сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемденiп алу», ал Есендірбек Маханов «Лауазымдық өкілеттіктерді асыра пайдалану» бабы бойынша күдікке ілікті. Бірақ олардың екеуі де тағылған айыптармен келіспейді. Неге? Жақсыбек Кемал анықтады.

Қарашадан бері қамауда отырған Ескендірбек Маханов сот залына қолы кісендеулі жеткізілді. Прокурорлар, шенеунікке облыстың спорт саласына жауапты болған кезде футбол клубы акционерлерінің рұқсатынсыз Васильевке сұраған ақшасын беріп отырған деп, кінә тақты. Ол әрекеті үшін енді қызметін асыра пайдаланды деп айыпталып отыр. Ал, командаға жетекшілік еткен Дмитрий Васильев қазынаның 240 миллион теңгесін жымқырды деген күдікке ілікті.

Елубек Таласов, Ақтөбе облысы прокурорының көмекшісі:

Васильев Махановтың астыртын көмегімен 2016 жылдың наурызы мен қыркүйегі аралығында өз лауазымын пайдаланып, сеніп тапсырылған үлкен көлемдегі қаржыны сыйақы ретінде иемденген. Жалпы құны 240 миллион 840 мың теңге. Оның 21 миллион 150 мыңын өзі алған.

Айыпталушылардың екеуі де өздеріне тағылған кінәмен келіспейтіндерін жеткізді. Футбол командасының экс-директорының сөзіне сенсек, оған тағайындалған жалақының көлемі облыс әкімінің өзімен де келісілген. Ал, клубтың жалғыз акционері болып табылатын қаржы басқармасындағылар бір жыл бойы бюджеттен бөлінген ақшаның қайда жұмсалғанынан хабардар болып отырғанын айтты. 

Дмитрий  Васильев, «Ақтөбе» ФК бұрынғы директоры:

Тағылған айыптың бірде бірімен келіспеймін. Тергеу біржақты жүргізілген. Ал қаржы басқармасы жәбірленуші тарап бола алмайды. Өйткені акционерлік қоғамның футбол маусымы кезінде құрылуының өзі заңсыз. Сондықтан сот ісін мүлдем тоқтату керек.

Ресейлік маман облыстық қаржы басқармасы өкілдерінің жәбірленуші ретінде сотқа қатысуына наразы. Ал, Ескендірбек Маханов өзін БАҚ өкілдерінің камераға түсіруіне қарсылық білдірді.

Жақсыбек КЕМАЛ