Спорт Қазақстан
$444.22 €476.38 ₽4.82
×

Қазақстанда өрт дерегі азайғанымен, құрбандар саны көбейген

AstanaTV
28.09.2021ж. 20:00
1502
Қазақстанда өрт дерегі азайғанымен, құрбандар саны көбейген

Қазақстанда өрт дерегі азайғанымен, құрбандар саны көбейген. Биыл тілсіз жау 251 адамның өмірін жалмаған.  Күйік шалып, уланып, жарақат алғандар да жетеді. Бұл туралы Төтенше жағдай министрі мәлімдеді. Өлім дерегінің көбеюіне не себеп? Ведомство от пен өрттің алдын алу үшін не істеп жатыр? Толығырақ әріптесім Асылбек Данияр тарқатып айтады.

Асылбек ДАНИЯР, ТІЛШІ:

Жыл басталғалы елде 7 жарым мыңнан аса өрт дерегі тіркелген. Оның жартысынан көбі тұрғын үйлерде болған.  Министрлік жүргізген сараптамаға  сүйенсек, Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Шығыс Қазақстан және Қостанай облыстарында ахуал күрделі. Бұл өңірлерде өрт қаупі республикалық көрсеткіштен 2-3 есеге асып түседі.

Министр әлемдегі дамыған елдер мен Қазақстанды салыстырып   өрт статистикасын жасапты. Зерттеу көрсеткендей елімізде әрбір 36-шы өртте адам өлімі тіркеледі. АҚШ-та бұл көрсеткіш 10, Францияда 27 есе аз. Тіпті  салыстыруға келмейді. Осы олқылықтарды жою үшін өртке қарсы қызмет   желісін көбейтіп жатырмыз, дейді Юрий Ильин.

Юрий ИЛЬИН, ҚР ТӨТЕНШЕ ЖАЙДАЙЛАР МИНИСТРІ:


Өртке қарсы қызметтің 18 нысанының құрылысы жүргізілуде. Оның үшеуі республикалық бюджет, ал 15-і әкімдер есебінен салынуда. Мұнан бөлек, 9 дайын жоба бар. Олардың жобалық-сметалық құжаттамасын дайындау аяқталған.


Төтеншеліктер өрт қауіпсіздігін насихаттау жұмыстарын өңірлерде жүргізіп жатқанын айтады. Сәуірден тамызға дейін 7 ауқымды акция ұйымдастырылған. Жыл аяқталғанша тағы бір сыпырасын өткіземіз деп отыр. Әрине, оның нәтижесі бола қойса.

Юрий ИЛЬИН, ҚР ТӨТЕНШЕ ЖАЙДАЙЛАР МИНИСТРІ:

15 тамыздан бастап министрлік бөлімшелері халыққа өрт қауіпсіздігі талаптарын түсіндіру бойынша республикалық өрт қауіпсіздігі акциясы өткізілді. Өкінішке қарай, 2 мыңнан астам үйдің тұрғындары тексеру жүргізуге қарсылық танытты. 24 мыңға жуық тұрғын үйде 56 мың өрт қауіпсіздігі ережелері  бұзылған.


Дабыл сигналы. Төтеншеліктер 1 минут ішінде киініп, жолға шығуы шарт.  Елордалық Азамат Рахымжанов-құтқарушы. Ол әскерден келе сала бірден осы бөлімге жұмысқа келген. Қызметінің аса күрделі, әрі қауіпті екенін мойындайды. Жалақымыз да аз, дейді. Бірақ бала күнгі арманынан бас тарта алмай келеді.  

Азамат РАХЫМЖАНОВ, НҰР-СҰЛТАН қ. №4 ӨСБ БӨЛІМШЕ КОМАНДИРІ:

Әр ауысымға шыққан сайын отбасым уайымдайды. Өрт сөндіруге барар кезде туыстарыммен қоштасып кетемін. Шынын айту керек, жұмыстан шыққым келетін кездер жиі болады. Жалақыны адамдардың өмірі мен өлімімен салыстыруға келмейді. Біз адамдарды құтқарған сайын, өз өмірімізді қатерге тігеміз.


Биыл қызметтік міндетін атқару кезінде 12 құтқарушы мен өрт сөндіруші қайтыс болған. Сондай-ақ тілсіз жаудың кесірінен ажал құшқандардың саны биыл 20 пайызға көбейген. Зардап шеккендер де осы шамалас. Ал, жыл басталғалы газдан уланудың 51 жағдайы тіркелген. Қайтыс болғандар-16.  Жауапты орган өкілдері, қайғылы жағдайға бірден-бір себепші- тұрғындардың өзі дейді. Пештерін тексертпейді, ескі, мерзімі өткен газдарды пайдаланды.

А. Данияр