Қазақстан құрамасы футзалдан әлем чемпионатының жартылай финалына өтті. Қуанышы қойнына сыймаған жерлестеріміздің қуанған сәті әлеуметтік желілерге лезде тарап кетті.
Видеода футзалдан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Кака ойыншыларды құттықтап жатқан сәті көрсетілген. Әлем чемпионатының жартылай финалына алғаш рет шыққан жерлестеріміздің жеңісін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та елеусіз қалдырмады. Жылы лебізін Twitter-де жариялаған Президент бұл жеңісті сенсация деп бағалады.
Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Футзалдан Қазақстан ұлттық құрамасы алғаш рет әлем чемпионатының жартылай финалына шығып, керемет сенсация жасады. Құтты болсын!
Алдағы ойындарына да сәттілік тілеймін!
Футзалдан өткізілген әлем чемпионатының ширек финалында Қазақстан құрамасы ирандықтарды 3:2 есебімен тізе бүктірген еді. Финалдық бәсекеде отандастарымыз енді Португалиямен кездеседі. Бұл ойын 30 қыркүйекте өтуі тиіс.
Е. Карин