Спорт Қазақстан
$444.32 €473.33 ₽4.76
×

27 қыркүйекте Ашхабадта V Азиада ойындары басталады

AstanaTV
22.08.2017ж. 20:00
3194
27 қыркүйекте Ашхабадта V Азиада ойындары басталады

Шамамен бір айдан соң Түркменстанда V Азиада ойындары өз жалауын көтереді. Спорт сайысы Ашхабадта өтетіні туралы осыдан 7 жыл бұрын Кувейтте шешілген. Осы аралықта ел астанасы Азиада ойындарына дайындықпен болды. Шаһарда тұтас спорт қалашығы бой көтерген. Ал, Түркіменстан жұртшылығы дүбірлі доданың басталуын тағатсыздана күтіп отыр. Мөлдір Бақыт-қызы тартақатады.

27 қыркүйекте Азияның кіл мықтылары Ашхабадта тоғысады. 62 мемлекеттен келетін саңлақтар 21 спорт түрі бойынша сайысқа түседі. Жеті жылда Түркменстан атшаптырым аумақта спорт кешенін салып шыққан. Күрес, теннис, футзал, ауыр атлетика, шахмат баскетбол залдары, веложарыс жолдары - бәрі сақадай сай. Старт берілсе болғаны. Кешенде жүріп-тұру үшін монорельсті трамвай да тартылған.

Мөлдір Бақыт-қызы, тілші: 

Сәйгүліктің мүсіні орнатылған алып кешен. Жабық ғимаратта өтетін V Азиада ойындарының бас ғимараты. Әппақ олимпиада қалашығында 30-ға тарта нысан бой көтерген. Құрылыс жұмыстары 2010 жылдан бері жүріп жатыр. Барлығына 5 млн АҚШ доллары жұмсалған. Астандағы "ЭКСПО" қалашығы іспетті Ашхабадта да жаңа бір аудан бой көтергені көрініп тұр. Әрине, мұнда әзірге тым-тырыс. Азиада ойындары басталғанша, ешкім тұрмайды. Шыны керек, шыбынның ызыңы да білінбейді деуге болады. 

Мәрмәр шаһар спорттық додаға бір ай қалағанын атап өтті. Дәстүрлі "қауын күні" де ұмыт қалған жоқ. Елдің түкір-түкпірінен дихандар қауын-қарбыздың небір сортын жеткізген. Әлбетте, ел президенті бірінші болып дәмін татып көрді.

Анұлы Ахметов, диқан:

Қауын-қарбызды тонналап сақтайтын қоймалар жетеді. Заманауи техникалар да бар. Бұл қауыннан қақ та, шырын да жасалады. Алыс-жақын шет елдер іздеп келіп сатып алады.

Джон Ньюман - белгілі британдық поп жұлдыз. Президент бастаған ел ағаларымен спортшылардың көңілін көрету үшін арнайы шақыртылған. Бұл жарыс алдындағы соңғы дайындықты пысықтау болса керек. Гурбанғұлы Бердымухамедов те өнерден құр алақан емес. Гитара, ямахада ойнайды. Өзі әуелетіп ән шырқайды.

Жастар "Аркадаг - мәңгілік" деп ұрандатып тұр. Президенттің екінші аты. Аркадаг қамқоршы дегенді білдіреді. Кезінде Сармұрат Ниязовқа "Түркменбашы" деп ат қойғаны есте. Аркадагқа да ескерткіш орнатылған. Алтын арғымақта. Түркімендердің мақтанышы - ақалтеке. Ұлттың бас символы деcе болады. Рас, өздері аттың құлағында ойнайды. Мәселен, мына циркте балалар 6 жастан атқа қонады. Нәтижесі жаман емес.

Сельви Шахиева, цирк әртісі:

Әлемнің үш дүркін чемпионымыз. 2013 жылы Мәскеуде өткен "Идол" фестивалінде гран-при, 2014 жылы Италияда гран-при, 2015 жылы Гуанчжоуда өткен жарыста бірінші орын алдық. Президент жылқыларды жеткізуге арнайы ұшақ береді.

Ат спорты ұлттық кешенінде жүздеген ақалтеке бар. Бәрі мемлекеттің меншігі. Кербез, сұлу жаратылыс. Шу асау, еркелігі тағы бар. Айналасы пір тұтатынын сезеді. Түркімендер жылқы етін жемейді. Атбегілердің айтуынша, елде ақалтеке сатылмайды. Тек сыйға тартылады. Оның өзінде Президент қана тарту жасауға құқылы. Ал Азиада аясында ақалтекелер арнайы "шоу" көрсетуге әзір.