Спорт Қазақстан
$441.66 €475.14 ₽4.86
×

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы QazVac-ты неге мақұлдамай отыр?

AstanaTV
04.10.2021ж. 20:00
1456
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы QazVac-ты неге мақұлдамай отыр?

Мақұлданбаған вакцина. Коронавирусқа қарсы отандық ғалымдар ойлап тапқан екпе зерттеу сынақтарынан сәтті өтті. Бірақ, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы оны бекіткен жоқ. Десе де, QazVac препараты Халал сертификатын алып үлгерді. Бұдан, бөлек қазақстандықтардың 7 айдан бері салғызып келген ресейлік вакцинадан дау шықты. Бұған не себеп, мәселе шешімін тапты ма? Әріптесім Асылбек Данияр тарқатып айтады.

QazVac вакцинасының клиникалық кезеңдері сәтті өтті. Бұл шілде айында-ақ белгілі болды. Бірақ, отандық препаратты Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мақұлдаған жоқ. Ол үшін тиісті мекемелер құжаттарды реттеп тапсыру керек. Ол әлі дайын емес. Оған қанша уақыт кететіні де белгісіз. Алайда, оны өзге елдерге экспортталғалы жатыр.

Лесбек ҚҰТЫМБЕТОВ, АСА ҚАУІПТІ АУРУЛАР ЗЕРТХАНАСЫНЫҢ МЕҢГЕРУШІСІ:

Мақұлдау үшін біраз жұмыс атқарылуы керек. Бұл алдыменен сол вакцинаның барлық құжаттарын ағылшын тіліне аудару керек. Бүгінгі күні бұл жұмыстар істелінуде. Одан кейінгі басқару денсаулық сақтау ұйымының өзінің талаптары бар.

Отандық препарат "Халал" сертификатын да алып үлгерді. Қазақстан мұсылмандар діни басқармасы құжатты беру үшін 5 ай бойы жұмыс жүргізіпті.

Айбек АСҚАРБЕКҰЛЫ, ҚАЗАҚСТАН МҰСЫЛМАНДАРЫ ДІНИ БАСҚАРМАСЫ "ХАЛАЛ ДАМУ" ЖШС ДИРЕКТОРЫ:


Екі жақтың мамандары тарапынан толықтай тексерілді. Құрамында шариғаттың шарттарына сәйкес келмейтін және де әлемдік-отандық біздің "Халал даму" даму мекемесінің стандарттарына сәйкес келмейтін заттар табылған жоқ.

Ал, Алматыдағы егу пункттерінің біразында  «Спутник V» вакцинасы таусылған. Дегенмен, жауаптылар мәселені шештік деп ақталды. Препарат артығымен сақталған медициналық мекемелерден жеткізіп жатырмыз, дейді.

Эльвира ИБРАГИМОВА, ҚАЛАЛЫҚ ОРТАЛЫҚ КЛИНИКАЛЫҚ АУРУХАНАСЫ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:


Бізге қазан айында осы екпе әкелінеді деп жоспарланып отыр. «Спутник V»  вакцинасының 50 мың дозасы келеді. Қазір осы екпе таусылған емханалар бар. Егер,  жергілікті мекен-жайдағы вакциналау пунктінде екпе болмаса, тұрғындар кез келген мекемеден қызмет алуына болады.

Асылбек ДАНИЯР, ТІЛШІ:

Өздеріңіз көргендей, елордалықтардың басым бөлігі «Спутник V» екпесін салдырған. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметіне сүйенсек, дәл осы препаратты қазақстандықтардың 5 жарым миллионнан астамы  салдырған екен. Десе де осыдан бір апта бұр дәл осы препаратқа қатысты мынадай шу шыққан болатын.


Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ресейлік коронавирусқа қарсы вакцинасын мақұлдау процесі тоқтатты. Себеп: вакцина шығаратын кәсіпорындар қажетті стандарттарға сәйкес келмеген. Артынша, көрші мемлекет олқылықтарды жойғанын мәлімдеді. Қазір «Спутник V» вакцинасын тіркеу және құжаттарға қол қою процесстері жүріп жатыр.


Енді, елдегі эпид. ахуалға тоқталсам, республика бойынша жағдайды бағалау матрицасында 4 өңір "қызыл" аймақта. Қалғандары "сары, жасыл" белдеулерде орналасқан. Былтырдан бері коронавирусқа шалдыққандар саны 900 мыңға жуықтады. Ауру құрбандары - 11 мыңнан асты.

А. Данияр