Көпірден секіріп кеткен елордалық әйел ауруханада жатыр. Қалалық денсаулық сақтау басқармасы өкілінің айтуынша, жағдайы қалыпқа келе бастаған. 25 жастағы келіншектің өміріне қауіп төніп тұрған жоқ дейді. Қазір жүктіліктің 27-ші аптасында. Дәрігерлер толық тексеруден өткізіп жатыр. Науқаспен психологтар да жұмыс істеуде. Полицияның дерегінше, әйелдің өз-өзіне қол жұмсауына күйеуі екеуі арасындағы жанжал себеп болған.
Айкерім АРДАҚҚЫЗЫ, НҰР-СҰЛТАН қ. ҚОҒАМДЫҚ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ:
Міндетті түрде бүкіл медициналық тексерістен өту керек. Себебі, кейбір өзгерістер болған жағдайда да бұл бірден байқалмайды. Оған міндетті түрде уақыт та керек. Не бүгін, не ертең толықтай оның жағдайы жақсы болса, стационардан шығарады. Алайда, қазіргі таңда стационарлық емді қабылдап отыр. Барлығы дәрігерлердің бақылауында.
Оқиға кеше түскі уақытта болған. Есіл өзеніндегі көпірде тұрған әйелді Қабанбай батыр даңғылында кезекшілікте болған полицей Алмаз Құлтанов байқапты. Ол барғанша келіншек секіріп кетеді. Артынша, тәртіп сақшысы еш ойланбай суық суға түсіп, әйелді жағаға алып шыққан. Құқық қорғау органы "өз-өзіне қол жұмсау" бабы бойынша қылмыстық іс қозғады.
А. Данияр