Спорт Қазақстан
$444.22 €476.38 ₽4.82
×

"Астықжандағы" өрт әдейі қойылған ба?

AstanaTV
04.10.2021ж. 20:00
1756
"Астықжандағы" өрт әдейі  қойылған ба?

Елордада «Астықжан» сауда орталығындағы өрт қасақана қойылған болуы мүмкін. Бүкіл тауары-жиһаздары мен кілемдері күлге айналған кәсіпкерлер осылай дейді. Енді олар шығын ақысын кімнен талап етерін білмей дал. 


«Астықжан» сауда үйі ғимаратының тең жартысы өртеніп кеткен. Кәсіпкерлер шығынға баттық деп шырылдап отыр. Барлық тауар күлге айналыпты. "Бұл әдейі ұйымдастырылған"- дейді олар.

Жәнібек БОЛАТБЕКҰЛЫ, КӘСІПКЕР:

Астықжан сауда үйінде 1300 шаршы метрде мебель сататын едік. Қазір оның бәрі күлге айналды. Бір «страшный» сон сияқты болып тұрмыз бәріміз. Экспертиза қысқа тоқтың тұйықталуы деп шығаратын болса, мүмкін емес. жарты сағаттың ішінде 7000 мың шаршы метр өртеніп кетуі мүмкін емес.

Жоғарғы үш қабатты жалға алып, кәсіпкерлерге берген компания өкілінің де пікірі осыған саяды.  "Өрт электр сымдарының тұйықталуынан тұтануы мүмкін емес" дейді.

Өмірзақ НАЗЫМБЕКҰЛЫ, «МЕРИДИАН НС»  ЖШС КОМПАНИЯСЫНЫҢ БАСҚАРУШЫ ДИРЕКТОРЫ:


Өрттің салдарынан 130-ға жуық жалға алушы жұмыссыз қалды. Жусан банк қызметкерлері есіктердің барлық құлыптарын ауыстырды. Жұмыс істеуге мүмкіндік берген жоқ. Біз жағдайдың алдын-ала алмадық. Өрт болды. Бұл тоқтың тұйықталуы емес, әдейі жасалған дүние.

Оқиға кезінде 2-ші қабаттан секірген, жиһаз цехының қызметкері 20 жастағы қыз қазір-ауруханада. Дәрігерлердің айтуынша,  жағдайы бірқалыпты.

АКАДЕМИК Н.Д. БАТПЕНОВ АТЫНДАҒЫ ҰЛТТЫҚ ҒЫЛЫМИ ТРАВМАТОЛОГИЯ ЖӘНЕ ОРТОПЕДИЯ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ:

Академик Н.Д. Батпенов атындағы ұлттық ғылыми травматология және ортопедия орталығына  «Астықжан» сауда үйінде болған өрттен кейін Н.Д. 20 жастағы қыз жеткізілді. Бүгінгі таңда науқастың  жағдайы бірқалыпты, қосымша тексеруден өтіп, қажетті ем қабылдап жатыр.

Шығын көлемін анықтау үшін әкімдік пен сауда үйінің өкілдерінен құрылған жедел штаб жұмыс істеуде. Оттың неден тұтанғаны туралы әзірге нақты ақпарат жоқ.

Эльмира ШӘУЛЕНОВА, НҰР-СҰЛТАН қ. ПД БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІНІҢ ЖЕТЕКШІСІ:

Қазіргі таңда бұл факт бойынша ҚР-ның қылмыстық кодексінің 292 бабы, яғни өрт қауіпсіздік талаптарын бұзу бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеу амалдары жүргізілуде.


Кәсіпкерлер енді тергеудің аяқталуын күтеміз дейді. Шығын өтелмесе, құзырлы орындарға шағымданбақ.


А. Дукембаева