$522.49 €547.88 ₽5.06
×

Атырауда жекпе-жек түрлерінен өткен фестиваль екі жарым мың көрермен жинады

AstanaTV
21.08.2017ж. 20:00
3214
Атырауда жекпе-жек түрлерінен өткен фестиваль екі жарым мың көрермен жинады

Мұнайлы өңірде жекпе-жек түрлері бойынша Atyrau Sport Fest-2017 фестивалі өтті. Көрермендер жекпе-жектің 16 түрі бойынша сайыстарды тамашалады. Жергілікті спортшылар әлемнің 16 елінен келген мықтылармен бақ сынасты. Спорт күніне орай өткен фестивальдің құрметті қонағы - аралас жекпе-жектен әлем чемпионы, ресейлік Хабиб Нұрмагомедов. Ауқымды шара өткен мұз сарайы екі жарым мың көрермен жинады.

Ауқымды шара өткен мұз сарайы екі жарым мың көрермен жинады. Ал, іштен орын ала алмаған тұрғындар сайысты көшеге орнатылған ЛЭД экраннан тамашалады. Бұл ауқымы мен форматы жағынан елімізде ұйымдастырылған ерекше фестиваль болды.

Азамат Бекет, Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы:

Биыл жекпе-жек спорт түрлерінен болатын болса, ендігі жылы бой спорт түрлерінен өткіземіз деген сеніміміз бар.

Атырау облысының спортшылары жекпе-жектің 16 түрі бойынша шетелдерден келген мықтылармен сынасты. Испаниялық каратэші Альберт Рейс Барселонадағы теракт құрбандарын еске алу мақсатында қара белгі тағып шықты. Ол рингте сыралғы қарсыласы атыраулық Андрей Котовпен шеберлік сынасты.

Альберт Рейс, спортшы (Испания):

«Мен Андреймен үш жыл бұрын Испаниядағы чемпионатта кездескенмін. Ол кезде қарсыласым ұтты. Андрей мықты спортшы, кездесу өте қиын болды. Бірақ дәл қазір Қазақстанда достық пейілді сезініп тұрмын».

Андрей Котов, спортшы:

Мен каратэ киокушинкай бойынша бақ сынаймын. Мен үшін бұл турнирде еліміздің және өз қаламның намысын қорғау - үлкен мәртебе.

Атыраулық спортшылар жерлестерін жерге қаратқан жоқ. Барлығы дерлік қарсыластарына дес бермеді.

Ғалия Шаймерденова, көрермен:

Біз спортшыларымызды құттықтаймыз. Жеңіс тұғырынан көріне берсін. Облыстық  дене шынықтыру және спорт басқармасына ерекше алғыс білдіремін.

Бұл шараның өтуіне жекпе-жек түрлері бойынша облыстық федерация ерекше қолдау көрсетті. Федерация мүшелерінің әрқайсысы шетелдерден келген спортшылардың шығындарын мойындарына алған.

Жақсыбек КЕМАЛ, Алия ЖАМИТОВА