Спорт Қазақстан
$448.89 €477.93 ₽4.76
×

Бескөл ауылында бүтін бір көшенің тұрғындары күн суықта дірдектеп отыр

AstanaTV
13.10.2021ж. 20:00
1578
Бескөл ауылында бүтін бір көшенің тұрғындары күн суықта дірдектеп отыр

Солтүстік Қазақстандағы Бескөл ауылында бүтін бір көшенің тұрғындары күн суықта дірдектеп отыр. Осы уақытқа дейін  пешпен жылытылған  қосқабатты үй  биыл орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылған. Алайда, ол жағдайды қиындатып жіберді дейді жұрт. Пәтерлер қазірдің өзінде суық, ал  қыстың аязды күндері  қалай болады деп алаңдаған олар биліктен көмек сұрайды.  

Нэля Локшина үй   орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылғанда ерекше қуанған. Себебі, жалғызбасты зейнеткер пеш жағуға шамасы келмегендіктен, электр жылытқышты пайдаланатын. Ал оның ақысы айына 100 мың теңгеге жететін.  Қазір қарияның шығыны азайды, бірақ оның рахатын сезіне алмай отыр. Қан жылым батареялар үйді жылыта алар емес.

Нэля ЛОКШИНА, БЕСКӨЛ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Үйде ылғи қабат-қабат киініп жүремін. Ыстық суға аяғымды малып, жылытып отырамын. Бескөлдің басқа көшелерінде батарейлер қайнап тұр. Ал көш соңында қалған біз үйімізді қалай жылтарын білмей отырмыз.

Театральный көшесінде тұрған бұл қосқабатты тұрғын үйде 27 пәтер бар. Әр отбасы орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылу үшін  180 мың теңгеден төлеген. Үйдің пешін де ажыратып тастаған олар енді сан соғып, дағдарып отырғандарын айтады.

Мария БЕКТҰРҒАНОВА, БЕСКӨЛ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Біз қазанның бірінен бастап жылудың ақшасын төлеу керекпіз. Шиіттей екі баламды ауыртып алмау үшін қазір электр жылытқыш қосып, үйді жылтуға мәжбүрміз. Демек, коммуналдық төлем екі есе қымбат шығады. Бұл мәселемен әкімдікке жүгіндік. Бірақ нәтижесі әзірге шамалы.

Қызылжар ауданының орталығы Бескөл ауылында жылу орталығы 2013 жылы салынған. Алайда, ауыл ішіне жылу құбырлары тек үш жылдан кейін   тартылған.  Оның өзінде елдімекен жылумен бірден қамтылмай, баспаналар бірте-бірте қосылып жатқан көрінеді. Жергілікті билік өкілдері бар мәселе жылу магистралінде дейді.

Қайсар ӘМІРИН, СҚО ҚЫЗЫЛЖАР АУДАНЫ ТҮКШ ЖӘНЕ СӘУЛЕТ ҚҰРЫЛЫС БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:

Көп жүре түзеледі, деген. Биыл қосылған үйлер сол 30 шақты, сол үйлерден кішкене ақау шығып тұр. Өйткені 2016 жылы барлық жылу жүйелері бірден іске қосылмаған, қазір бәрін жөнге келтіру жұмыстары жүріп жатыр.


Абзал ҚҰРМАНКИН, ТІЛШІ:
 
Әкімдіктегілер қазір жылу жүйесінің осал жерін іздеп, оны оңтайландыруды көздеп отыр. Батарейлер жақын арада ып-ыстық болады, деп сендіреді. Ал халық  солтүстіктің ертеңгі қытымыр қысын ойлап, уайым-қайғыға салынып отыр.


А. Құрманкин