Спорт Қазақстан
$443.85 €474.3 ₽4.8
×

Электросамокатпен жүрудің ережесін құзырлы орган да айта алмады

AstanaTV
14.10.2021ж. 20:00
1366
Электросамокатпен жүрудің ережесін құзырлы орган да айта алмады

Электросамокат үшін де заң керек. Кез- келген жолда беталды жүретін құрылғының салдарынан жол апаты жиі болады. Осыған алаңдаушылық білдірген сенатор Нұртөре Жүсіп премьер-министрдің орынбасарына депутаттық сауал жолдады. Ережеге бағынбайтын  самокаттар пен  гироскутерлер  жүргіншілердің денсаулығына қауіп төндіріп қана қоймай, ажалына себеп болуда.

Асылбек ДАНИЯР, ТІЛШІ:

Жүріп шаршамайсың, мініп алып зуылдайсың. Әсер керемет, діттеген жеріңе де кешікпей жетесің...  Бірақ, сәл қорқынышты, жаяу жүргіншілер жолымен жүрсең біреуді қағып кетем бе дейсің, ал үлкен жолдың бойында ағылып жатқан көлік.... Сәл мүлт кетсең... ойлаудың өзі қорқынышты.


Мүлт кеткендер де көп. Тізгінге ие бола алмаған талай адам ажал құшты.  Биыл 8 айдың ішінде самокаттың қатысуымен 400-ге жуық оқыс оқиға болған. Бұл тек әрине тіркелгені.  Сенатор Нұртөре Жүсіптің сөзінше, бас прокуратура бұған немқұрайлы қарайды. Тіпті, құрылғыға қатысы техникалық регламент жоқ. Сондықтан, пайдалану ережесін заңмен бекіту керек, дейді.

Нұртөре ЖҮСІП, ҚР ПАРЛАМЕНТІ СЕНАТЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ:

25 адам қайтыс болып, 411 адам жарақат алған. ҚР жол жүріс туралы заңының 64 бабына сәйкес осы құрылғылар уәкілетті органда мемлекеттік тіркеуге жатпайды. Электросамокаттарды әкелуді және қауіпсіз пайдалануды құқықтық реттеуді қажет деп білеміз.

Электросамокаттың жылдамдығы автокөліктікімен пара-пар. Құрылғы пайдаланушыларға ыңғайлы болғанымен, өзгелерге кедергі. Тротуардың кез -келген жерінен шығып,  шошытып-үркітіп кетеді.

БЛИЦ:

- Бірде сигналын береді, бірде бермейді қасыңнан зу етіп, кейде қағып та өтіп кете береді. Енді, тек қана өзінің өмірі емес басқа адамның да өмірін қияды деп ойлаймын.

- Балалармен де жүргенде, балалар жүгіріп жүреді ғой, қағып кетуі мүмкін. Коляскамен жүргенде де ыңғайсыз.

- Самокатты жинастырып алып тастау керек қой мүлдем. Жай жүрген жаяу адамға да кедергі болады. Өзінің де денсаулығына қауіпті.


Электронды самокатты жалға берушілердің сөзінше, онымен тек арнайы жолда жүру керек. Бірақ, талапты орындайтындар аз екенін өздері де мойындайды.

Руслан ЖУКУПОВ, ЖАЛҒА БЕРУ КОМПАНИЯСЫНЫҢ ӨКІЛІ:

Тротуармен жүруге болмайды, ол жерде адамдар жүреді. Ережені сақтамайтындар бар. Самокатпен жүрген адамды тәртіп сақшыларының ұстап алғанын өзім көрдім. Ол жермен жүруге болмайтынын, жолмен немесе велосипед жолымен жүру керек екенін түсіндірді.  Бірақ оның пайдасы жоқ. Әр адам өзі жауапкершілікті сезінуі керек.

Қазір Қазақстан бойынша самокат пен гироскутерге сұраныс жоғары. Тек елордада 700 құрылығы бар. Алайда оның өзі аз дейді. Ал электросамокат жүргізудің талаптары туралы құзырлы органның өзі ақпарат бере алмады. Осындай  шикіліктен кейін қайғылы жағдайларды қалай тоқтатуға болатынын ойлаудың өзі қиын.

А. Данияр