Спорт Қазақстан
$446.49 €475.38 ₽4.79
×

Қызылордалық құқық қорғаушыларға сенім артпайды

AstanaTV
14.10.2021ж. 20:00
1446
Қызылордалық құқық қорғаушыларға сенім артпайды

"Екі баланың әкесін өлтірген қылмыскер, жазадан сытылып кетпек." Қызылорда облысының тұрғыны Гүлдана Жұмамұратова, арнамызға осылай деп шағымданды. Жол апаты шілденің 1-і күні болғанымен, құқық қорғау мамандары тарапынан әлі күнге ешқандай әрекет жасалып жатқан жоқ дейді. Өмірлік серігінен айрылған қызылордалық келіншек оларға сенім артпайтынын айтады. Тілшіміз тақырыпты тарқатады.  

Асыраушысынан айрылған Гүлдана, жол апатына себепкер болған адамның жазалануын қалайды. Айтуынша күйеуі Ерұлан жазда Ақтөбе облысынан Арал ауданына жолаушы тасымалдаған. Кешқұрым Арал өңіріне келген тұста жол апатына ұшырапты. Қарсы беттегі көлік түйеге соғылып, одан 3 жолаушысы бар Ерұланның көлігіне түйреген. Күйеуі 40 күн ауруханада жатып, қаза болған. Ал жанындағы жолаушылар жарақат алыпты.

Гүлдана ЖҰМАМҰРАТОВА, ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Біз бір отбасы асыраушысынан айрылдық. Осы күнге дейін әлі бір келген жоқ. Екі қызым бар кәмелет жасқа толмаған. Кредитіміз бар. Иа бір көмек берген жоқ. Сонда қолында билігі бар адамдар, ақшасы бар адамдар осындайдан құтылып кетеді де, адамның өмірі оларға ойыншық па қалай түсінбедім. Бір іс қозғалып жатқан жоқ, 3 айдан бері сотта болған жоқ.

Гүлдана мәселенің мән-жайын Ерұлан отадан кейін ес жиғанда өзіне баяндағанын айтты. Оқиғанының куәгерлер де, марқұмның сөзін растап отыр.

Заманбек ТЕМІРБЕК, ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ, КУӘГЕР:

Енді қараңғы түсіп келе жатқан, сағат 8-9 шамасы ма екен, әлшде  9-10 шамасы ма?! Көп нәрсе есімде жоқ, сол кезде жолда 70-80 метрдей, бірінші 100 метрдей қалған кезде встречныйдан келе жатқан машина түйе малына соғып, біздің көлікке 70-80 метр қалғанда встречный соғып, бізге қарай ұрды ғой машинанын. В общем бізде қатты скорость жоқ. Кәдімгі трассаның өзінің скоростын ұстап келе жатқанбыз.


Қарсы беттен шыққан көлікті әйел адам тізгіндеген. Жәбірленуші Гүлдананың айтуынша, күдіктінің туысы құқық қорғау бөлімшесінде белді қызмет атқаратын көрінеді. Сондықтан қасіретке себепкер азаматша жауаптан жалтарып кетеді деп уайымдайды.

Гүлдана ЖҰМАМҰРАТОВА, ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Бүгінгі күнмен күйеуім қайтыс болғанына 2 ай, авария болғанына 3 ай болды. Ешқандай органдардан да хат-хабар жоқ. Адам кішкентай неден құлап жатса да органдардан келіп, түсінік алып жатады ғой. Менің жолдасыма білмеймін неге өйткендерін. Ешқандай түсінік алынған жоқ.


Облыстық полиция департаменті болса, бұл уәжбен келіспейді.

Азылхан ЕРНАЗАРОВ, ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСТЫҚ ПД АНЫҚТАУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ АНЫҚТАУШЫСЫ:
 
Сотқа дейін тергеп-тексеру базасына тіркелді қылмыстық іс болып. Қазіргі таңда қылмыстық іс осы департаменттің анықтау басқармасына алынып, анықтау өндірісінде. Тергеп-тексеру әрекеттері жүргізілуде.


Тергеу нәтижесінде күдіктінің кінәсі расталса, оған 5 жылдан аса абақтыға жабу жазасы берілмек. Ал, жолдасын жоғалтқан келіншек айыптыны бостандықта тайраңдатпай, тез арада әділдік тапсам деп шырылдап жүр.  

Д. Жарқынбек