Қостанайдың жолдары, жөнделсе де оңбады. Тобыл-Торғайдың тарам-тарам жолдарының сапасы сын көтермейді. Ұлттық орталық мамандары мердігерлер мен техникалық қадағалау ұйымдарына 800-ден астам ескерту жасаған. Жолды дұрыс күтімде ұстамағаны үшін тағы 135 әкімшілік хаттама толтырылған.
Биыл облыс аумағындағы 200 шақырымнан астам жол жаңарған. Игі мақсатқа 19 миллиардтан астам қаражат бөлінген. Алайда қомақты ақшаға салынған жолдың сапасы сын көтермейді. Жол активтері сапасының ұлттық орталық мамандары жаңа салынған жолдарға қатысты сегіз жүзден астам ескерту жасалғанын айтады. Соның екі жүзі әлі бәз қалпында қалып отыр.
Абылайхан АЛШЫНБАЕВ, «ЖОЛ АКТИВТЕРІ САПАСЫНЫҢ ҰЛТТЫҚ ОРТАЛЫҒЫ» РМК ҚОСТАНАЙ ОБЛЫСЫ БОЙЫНША ФИЛИАЛЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:
Ескертулер ресми түрде нұсқама ретінде мердігерлер мен техникалық қадағалау ұйымдарына жіберілді. Соның нәтижесінде жол салған компаниялар қайтадан 300 миллион теңгеге жөндеу жұмыстарын жүргізді. Өз қаражаты есебінен.
Орталық өкілдері 1200 сынама алып, зертханалық тексеру жүргізген. Соның төрт жүзден астамы талапқа сай болмай шыққан. Қыруар қаражатқа салынып жатқан жолдардың сапасына көлік жүргізушілердің де көңілі толмайды.
БЛИЦ:
- Жолдар нашар. Оны істесе ғой. Міне машинаны жаңадан алсамда СТО –дан шықпаймын. Ана жерін, мына жерін шұқылап.
- Больше не устраивает городские дороги.Трассы более менее. Там как то ремонт ведется.
- Орташа. Кез-келген көлік сынады ғой мына жолдардан.
- Ну хоотелось бы лучше чуть-чуть.Еще лучше чтоб было.
Жолға бөлінген ақша ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кететіні тағы бар. Қаржылық мониторинг агенттігінің аумақтық департаменті бюджет қаражатын жымқарған кәсіпорын директоры мен қалалық бөлім қызметкерін анықтады. Сыбайластар атқарылмаған жұмыстың жалған актісін ұсынып, 27 миллион астам теңгені қалтаға басқан.
Гаухар САПАРБАЕВА, ҚАРЖЫЛЫҚ МОНИТОРИНГ АГЕНТТІГІНІҢ ӨКІЛІ:
Көлік жолдарын жөндеу саласында бюджет қаражатын жымқырту, жұмысты орындамау немесе сапасыз орындау және жұмыстардың актілеріне жалған мәліметтер енгізу жолымен іске асырады. Осындай деректердің бірін Қаржылық мониторинг агенттігінің Қостанай облысы бойынша аумақтық департаменті анықтады. Кәсіпорын директоры мен бөлім қызметкері 5 жылға бас бостандығынан айырылды.
Жуықта полиция қызметкерлері мен ұлттық жол активтері сапасы орталығы бірлесіп тексеру жүргізгенін хабарлады. Тексеріс нәтижесінде 135 лауазымды тұлғаға 5 миллион теңгеден астам әкімшілік айппұл салынған.
З. Санай