Көкшетау қаласында екпе қабылдауға байланысты "Ашық есік күні" өтті. Шараға сала мамандары қатысып, тұрғындарға вакцинаға қатысты жан-жақты кеңес берді. Жұрттың сұрақтарына жауап беріп, екпенің маңыздылығын түсіндірді.
Облыста эпидахуал мәз емес. Мамандардың айтуынша, ауруханаларда қазір 800-ден астам науқас қауіпті дертпен күресіп жатыр. Арасында ауыр жағдайдағылар да бар. Ал 500-ден астам адам карантинге оқшауланып, үйде ем алуда.
Нұрлан ШАҒЫРОВ, АҚМОЛА ОБЛЫСТЫҚ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
330 адам ауруханада ем қабылдап жатыр, оның 66 пайызы -егде жастағы адамдар, 11 -аяғы ауыр әйел. Ал 53 адам- жан сақтау бөлімінде жатыр. Оның ішінде -33 -і зейнеткер, 8 -і аяғы ауыр әйел, қалғаны -қант диабеті, жүрек ауыруы барлар.
"Ашық есік" күніне созылмалы аурулары барлар көп келді. Олар өз шағымдарын айтып , кәсіби мамандардан жан-жақты кеңес алды. Сондай-ақ, қала тұрғындарына ревакцинация тәртібі түсіндірілді.
Тоқтарбай ОМАРОВ, АҚМОЛА ОБЛЫСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
Вакцинациядан өту керек. Мен өзім мысалы оның екеуінен де өттім. Ресейлік вакцинадан, осы жазғы тұрым март кезінде.Ал ешқандай басымда ауырған жоқ, температурада көтерілген жоқ.Міне енді сол күздігүні, қыста деді ма үшіншісін алуға да даярмыз.Бұл вакцинациядан қорықпау керек.
Марат ТОҒЖАНОВ, АҚМОЛА ОБЛЫСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
Мен осы жазда отбасыммен бірге екпе салғыздым. Өйткені бұл алдымен өзіміздің денсаулығымыз үшін керек. Және студент болғандықтан көптеген ортада, түрлі жерлерде емін-еркін жүру үшін де маңызды.
Ақмола обылысы әлі қызыл аймақта. Сондықтан мамандар тұрғындарға екпе туралы әр түрлі алып-қашпа сөздерге сенбеу қажет деді. Өйткені екпе- індетті ауыздықтаудың бірден-бір жолы.
Макшарип МАРТАЗАНОВ, АҚМОЛА ОБЛЫСТЫҚ АУРУХАНАСЫНЫҢ НЕВРОЛОГИЯЛЫҚ БӨЛІМШЕСІ МЕҢГЕРУШІСІ:
Әрине екпенің кейде жанама әсерлері болуы мүмкін. Сондай-ақ пайдаланып отырған дәрі-дәрмектердің де ешқайсысы зиянсыз деп айта алмаймыз.Біз соған қарамастан бір таңдау жасауымыз қажет.
Қазір облыста 130-дан астам екпе егу пункті жұмыс істеп тұр. Ал тұрғындар көп шоғырланатын орындар мен шалғай аймақтарға көшпелі бригадалар жөнелтілген. Бұл жұмыстарға 570-ке жуық медицина қызметкері жұмылдырылған. Мамандар "Ашық есік" күнін енді аудандарда ұйымдастырмақ .
Б. Сатуов