$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Теміртаудағы Ұлттық ұланның әскери бөлімінде қаза болған сарбаздың туыстары әділдік іздейді

AstanaTV
22.10.2021ж. 20:00
3512
Теміртаудағы Ұлттық ұланның әскери бөлімінде қаза болған сарбаздың туыстары әділдік іздейді

Теміртау қаласындағы әскери бөлімде қаза болған сарбаз Сержан Оңғардың туыстары бүгін күтпеген мәлімдеме жасады. Анасының айтуынша рота командирі сарбаздардан ақша жинап келген. Әскери бөлімде тәртіп пен тәрбиенің жоқтығы сарбаздың өліміне әкеліп соққан деді. Сарбаздың жақындары ресми орындардың жауабына сенбейді. Сондықтан олар осы жағдайға жол берген барлық шенділерді де жазалауды сұрайды.

Бұл отбасына қаралы хабар кеше түн ортасында жеткен. Қапияда ұлынан айрылған ана баласының өліміне әскердегі бассыздық пен салғырттық себеп болғанына сенімді. Айтуынша, Теміртаудағы 5516 әскери бөлімшесінде талай былық бар. Тіпті соңғы рет баласымен сөйлескенде ол рота командирінің ақша жинайтынын білген.

Гүлжан ҚАСЫМБЕКОВА, МАРҚҰМНЫҢ АНАСЫ:

Тамағының астынан атқан 5 еуі де басына атылған. 5 оқ атқанша ол қимылдамаған ғой. Мен сенбеймін ол экспертизаның әділ болатынына да. Қастандық бұл. Күнделігі бар. Ол да жоқ. Жоқ қып жіберген». Мама бізге 3700 теңге ақша беріледі, мама аяғыма крем алам деп сұрап алатын. Ол ақшаны рота командирі жиып алып кетіп өзі алады екен. Қалтасына басып алады, сол жердегі бар баладан сұраңыз. Ата- аналар білмейді.
 
20 жастағы Сержан Оңғар өткен түні 1 жарым сағат шамасында Теміртау қаласындағы 5516 әскери бөлімінде қарауылда тұрған. Сол мезетте мерт болған. Алдын ала жасалған реми болжам бойынша өзіне өзі оқ атқан.
 
Қанат БЕЛЯКОВ, ҰЛТТЫҚ ҰЛАН «ОРТАЛЫҚ» ӨҢІРЛІК ҚОЛБАСШЫЛЫҒЫ ҚОЛБАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Қатардағы жауынгер Оңғаров ішкі қарауылда қызмет атқарып жүріп өзінің басына өзіне бекітілген автоматтан оқ атып жедел түрде қалалық ауруханаға жеткізілген болатын қатты жарақат алғаннан кейін. Өкінішке орай сол ауруханада көз жұмды. Қазіргі таңда Орталық әскери тергеу басқармасымен сотқа дейінгі тергеу іс шаралары өткізіліп жатыр.

Сержан Оңғар отбасындағы алты баланың екіншісі. Түркістан облысындағы  Мақтарал ауданы Мақтажан ауылынан 10 ай бұрын әскерге аттанған. Алматыда медицина колледжінде фельдшер мамандығының 3- інші курсында оқып жүргенде, әскерге шақырту алыпты. Өз еркімен борышын өтеуге бел буған. Әскери бөлімде үздік жауынгерлер қатарынан да көрінген.

Бауыржан ШАРИПОЛЛИНОВ, ТЕМІРТАУ ҚАЛАСЫНДАҒЫ 5516 ӘСКЕРИ БӨЛІМШЕСІНІҢ ҚАТАРДАҒЫ ЖАУЫНГЕРІ:

Ол өте жақсы, барлығымен бірдей араласатын. Ондай жаман қылықтары да жоқ. Бірге қызметке де шығып жүрдік. 10 ай біргеміз таңнан кешке дейін. Ондайды күтпедім шынымды айтайын. Өте сыпайы, өте мейірімді барлығымен бөліседі өте жақсы бала болды.

Сарбаз қазасынан 2 сағат бұрын ғана, туыстарымен телефон арқылы тілдескен. Дауысы жайдары болды дейді. Аяқ астынан өзін атып салуы мүмкін емес,- деп отыр.
 
Мадина АЙБЕКОВА, МАРҚҰМНЫҢ ӘПКЕСІ:

Қазақстанның әскери бөлімдерінде ешқандай тәртіп жоқ. Тәрбие жоқ. Сол тәртіптің жоқтығынан. Командир бола ма, сержанты бола ма? Міне өзіне- өзі қол жұмсады деп менің інімді өлтіріп отыр. Бірақ менің інім өзіне- өзі қол жұмсайтын бала емес.

Қазір әскери бөлімшеде қызметтік тексеріс тағайындалды. Қазаға себеп болған командир ма жоқ па оны тергеу орындары анықтамақ. Ал Сержанның денесін туыстары Қарағанды облысынан туған үйіне автобуспен апара жатыр.

А. Қуаш