Солтүстік Қазақстанда мемлекеттік кәсіпорын 1 теңгеге сатылмақ. Мұндай ақпаратты Мамлют ауданының әкімдігі хабарлады. Аудан орталығын сумен қамтамасыз етіп отырған мемлекеттік мекеме жекешелендіру бағдарламасына енген. Алайда, кәсіпорын қарызға белшеден батқан көрінеді. Жылдар бойы табыссыз жұмыс істеп келе жатқан компанияның қазір бақандай 29 миллион теңге берешегі бар. Мекемеде 24 қызметкер жұмыс істейді. Мамлют ауданының әкімдігі кәсіпорынды енді аукционға шығармақ. Егер оны сатып алуға ешкім ынта білдірмесе, банкроттық жариялайды, дейді.
Серік БАКЕЕВ, СҚО МАМЛЮТ АУДАНЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Сумен қамту кәсіпорнында Мамлют қаласы бойынша 76 колонка бар. Халықтың сумен пайдалануын бақылау қиын. Құбырлар да әбден тозған. Бұл кәсіпорынның мүлкін біз шамамен 12 миллион теңгеге бағаладық. Егер оны сатып, қарызды жапсақ, бәрібір 18 миллион теңгеге жуық борышы қалады. Кәсіпорын қарызға батқандықтан, оның аукциондағы бастапқы бағасы 1 теңге болмақ. Бұл мемлекеттік кәсіпорынды сатып алатын кісі осы қарызды жабу жағын ойластыруы қажет.
А. Құрманкин