Спорт Қазақстан
$443.85 €474.3 ₽4.8
×

Вакцина алған 731 адам қайтыс болды

AstanaTV
26.10.2021ж. 20:00
2007
Вакцина алған  731 адам қайтыс болды

Денсаулық сақтау министрлігінің не жасырғаны бар? Соңғы кездері елдің бас дәрігерінің жұмысына күмәнмен қарайтындар көп. Әсіресе, "Pfizer" екпесінің жеткізілу мерзімі әлі нақты емес. Әншейінде вакцинаға шаң жуытпайтын Алексей Цой үкімет отырысында журналистерге ағынан жарылды. Халық біле бермейтін біршама шындықты жайып салды.  Онлайннан оффлайнға көшкен жиындағы тың ақпараттарды әріптесім Асылбек Данияр тарқатады.  

Асылбек ДАНИЯР, ТІЛШІ:

Үкімет үйі журналистер үшін есігін ашты. Ашқанын қайтейік, билік өкілдерінің біразы кабинеттеріне тығылып, жиынға онлайн қатысты.  БАҚ өкілдерінен вирус жұқтырып аламыз деп қорықты ма екен? Алайда, өткен аптадағы мәжілісте жүзден астам депутаттың арасында емін-еркін отырған еді.


Сол жиында терең ұйқыға батқан министрлер оянып, жұмысқа кірісуге уәде бергендей болып еді. Ал, шенеуніктердің жұмысына қарны ашқан депутаттар Үкімет отставкаға кетуі керек деген. Бұған министрлердің  пікірі қандай?

БЛИЦ:

-  Бағасын Президент береді, халық береді. Өзімізге-өзіміз баға бермейміз ғой.
 
- То есть вы считаете что поводы для вашего отставки нет?

- Я считаю нет.


Премьер-министрдің орынбасары халық үшін бәрін істеп жатырмыз, дейді. Соның бір дәлелі - елдегі эпид ахуалдың жақсаруы, деп атап өтті. Алексей Цой да мұны қоштады. Денсаулық сақтау министрі сынның астында қалудан сақтанған болар бәлкім,  БАҚ өкілдерімен кездесуге әбден дайындалып келген сияқты. Бар сұраққа жауабы әзір. Вакцинаның кесірінен қайғылы жағдайлардың да тіркеліп жатқанын айтты.

Алексей ЦОЙ, ҚР ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ МИНИСТРІ:

Ақпаннан қыркүйекке дейін вакцина салдырған 731 адам қайтыс болды. Барлығы екі компонентін алған. Коронавирустан қайтыс болғандардың 6,1 пайызын құрайды. Ал, бірінші дозадан соң 55 адам көз жұмды.

"Pfizer-дің" елге қашан жеткізілетіні әлі белгісіз. Осыған дейін қазан-қарашада әкелінеді деген министрдің өзі оған қазір  нақты жауап бере алмайды. Сан сылтау іздеп, жан қарманады.

Алексей ЦОЙ, ҚР ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ МИНИСТРІ:

Денсаулық сақтау министрлігі ашып ештеңе айтпады, бір жасырғаны бар деген сынға жиі ұшыраймыз. Біз белгілі бір талап бойынша "Pfizer-дің" жеткізілуіне қатысы ақпараттарды құпия ұстаймыз. Жақын арада компания өкілдерімен бірге брифингке шығамыз деп ойлаймын. Сіздерде толғандырған сұрақтарға өздері жауап берер.

Айта кетейік,  бала емізетін аналарға "Спутник V" салуға бола-болмай ма,  бұл үшін қажетті зерттеулер жүргізілмеген.   
Ал тұрғындар енді тегін шетелдік вакциналарды түсінде көреді. Келесі жылдан бастап препараттар қаласаң да, қаламасаң да  ақылы болады. Алексей Цой оның құны туралы да жарытып ештеңе айтпады. Сонымен бірге, сұранысқа ие болған "Hayat Vax" екпесі келмейтін секілді. Сөзінше, "Синофармнан" айырмашылығы шамалы.
 
Алексей ЦОЙ, ҚР ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ МИНИСТРІ:

Мен бұл туралы айта алмаймын, өйткені коммерциялық құпияға жатады. Оны халықтың қалтасы көтереді. Шамамен 2-5 мың теңге көлемінде болады.  

Ауғанстан отандық "QazVac" вакцинасын гуманитарлық көмек ретінде сұрады. Бере ме , бермей ме, оны Үкімет шешеді.   

Ал министр қараша-қаңтар айларына тағы болжам жасады. Оның оптимистік сценарийі бойынша тәулігіне -1500, реалистіктік сценариймен- 1650, пессимистік болжам бойынша - 3000-ға дейін адам қауіпті індетті жұқтырады.

А. Данияр