Ауа райы -
Негізгі / Жаңалықтар / Жамбыл облысында газы бар ауылдар көмір жағуға мәжбүр

Жамбыл облысында газы бар ауылдар көмір жағуға мәжбүр

Жамбыл облысында газ тартылған Кеңес ауылының халқы көмір жағып отыр. Өйткені көгілдір отынның шәйнек қайнатуға шамасы жетпейтін көрінеді. Елді-мекенге газ тарту жұмыстары 3 жыл бұрын басталған. Бірақ әлі аяқталмапты. Ауылдың жартысында әлі газ жоқ. Барының өзі рақатын көре алар емес. Айтуларынша мердігер жұмысты жарты жолда тастап кеткен. Онымен қоймай газ кіргізуге ақша төлей алмай отырғандардың көшелеріндегі құбырларды кесіп алып кетіпті. Амалы таусылғандар БАҚ өкілдеріне шағымданды.

Жұрт мердігер мен әкімдіктің әрекетінен әбден шаршаған. Ауылға 400-ден аса түтін бар. Оның тең жартысы газсыз отыр. Көгілдір отын тарту жұмыстары, келісім бойынша былтыр аяқталуы тиіс еді. Бірақ басталған іс аяқсыз қалды. Оның үстіне биыл отынды үйге кіргізу құны қымбаттап кетіпті. Ең сорақысы газ тарту жұмысын жүргізгендер төлемді кешіктіргендердің көшедегі құбырларын қайта кесіп әкеткен.

БЛИЦ:

- 400-ден болсын деп келістірілген. Мақұл деп сол кезде біраз адамдар орнатты. Енді келіп бағаны 460-480-ге шығарып жіберді.

- Былтыр келді дағы тура осы уақытта газды кесіп кесіп алып кетті трубаны. Содан неге кесіп жатсыздар деп едім біз на жаққа жаңағы ақша төлегендерге беріп жатыр да вобщем. Сіздер қашан кіргіземіз дейсіздер сол кезде әкеліп қойып береміз деген.

- Одан кейін бітті мердігердің адамында көрген жоқпыз, ешкімді де көрген жоқпыз. Әкімді де көрген жоқпыз. Әкім бір де келген емес біздің көшеге. Мыналардың трубасы кесіліп жатыр ма жоқ па оның шаруасы да жоқ. Енді өздерің трубаларды сатып алыңдар деп жатыр. Оны сатып алуға біздің шамамыз келмейді.


Қомақты қаражатын төлеп, баспанасына газ кіргізіп алғандардың өзі жылап отыр. Себебі газ бар, қысымы жоқ. Үйді жылытпақ түгілі, шәйнек қайнатуға шамасы келмейді деп ашулы.

Нұрхан ЕСЕНБЕКОВ, КЕҢЕС АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Мен газды былтыр кіргіздім 430 мыңға. Қыста екі ай көмір жағып шықтым. Газым бар шай қайнатпайды, үй жылымайды. 5 тонна көмір жағып шықтым. Бірақ газ кіргіздім. Сонда маған газдың не керегі бар деген сұрақ тұр да.


Сұрақ көп, жауап жоқ деген тұрғындардың жергілікті атқамінерлерге де өкпесі қара қазандай. Өйткені мердігер компаниямен әкімдік ауыз жаласып алған дейді. Тұрғындармен кездесуге келген тұрғын үй коммуналдық шаруашығының өкілдері, біраз нәрседен бейхабар болып шықты.

Кенжебек УНИТАЕВ, БАЙЗАҚ АУДАНЫ ӘКІМДІГІ ТҮКШ БӨЛІМІНІҢ БАС МАМАНЫ:

Бұны қазір қосымша барып зерделеймін. Ол жақта мәселе қандай болуы мүмкін. Сразу жаман жағын ойламау керек. Мүмкін көшеге құбыр кішкентай диаметрі тартылған шығар. Соны зерделеу керек. Ол жақта бір мәселе болу керек қой.

-Сіздер зерделемедіңіздер ма?

-Мен казір естіп отырмын мұндай мәселенің бар екенін.


Кеңестіктермен келісімге келген кәсіпкерді табу мүмкін болмады. Телефонына қоңырау шалдық, тұтқаны көтермеді. Әкімдік жауапсыз мердігерге шара қолдануға уәде етті.

Кенжебек УНИТАЕВ, БАЙЗАҚ АУДАНЫ ӘКІМДІГІ ТҮКШ БӨЛІМІНІҢ БАС МАМАНЫ:

Тұрғындардың өтінішіне сәйкес мердігерге айыппұл салынады. Өйткені ол өзінің хаттамада келісім шаратта міндетті жұмысын атқармағаны үшін.

Көгілдір отын бола тұра, көмір жағып отырған ауыл мәселесін, жергілікті билік келесі жылы түбегейлі шешіп береміз деп отыр. Тіпті Кеңеспен көрші жатқан Ақшолақ пен Мәдімар ауылдарына да жылпылдақ отын кіреді деп сендірді.

Б. Жұмабайұлы