Спорт Қазақстан
$449.58 €486.94 ₽4.86
×
Реклама на сайте

Көгілдір отыннан күдер үзген қарақұдықтықтар көмір жағуға көшті

AstanaTV
01.11.2021ж. 20:00
1521
Көгілдір отыннан күдер үзген қарақұдықтықтар көмір жағуға көшті

Коммуникациясы жоқ аумақтан неге жер береді? Ақтөбе облысындағы Қарақұдық ауылының тұрғындары осыны түсіне алмай жүр. 5 жыл бұрын әкімдік берген жерге үй салып алған олар не газға, не суға жарымай отыр. Жұрттың  жанайқайын өңірдегі  тілшіміз Гүлвира Сейтенова жеткізеді.

Гүлвира СЕЙТЕНОВА, ТІЛШІ:

Қарақұдық ауылының жаңа массивінен үй салыңдар деп тұрғындарға мыңға жуық жер учаскесі берілген. Суы мен газы жоқ жерде 30 шақты үй салынған. Соның 11-де ғана отбасы тұрады. Жергілікті билік коммуникациясы жоқ жерде халық қалай тұратынын ойламаған секілді.

Әкімдіктің уәдесіне сеніп, 2018 жылы үй тұрғызып алғандардың бірі – Ләйлә Сайдина. Үш жыл өтсе де, үйінде газ жоқ. Қазір баспанасын электрлі қазандықпен жылытып отыр. Электр энергиясын көп тұтынғаны үшін ай сайын 30-35 мың теңге төлейді. Қыста бұл сома 3-4 есе өсіп кете ме деп алаңдаған ол газдың әзір келмейтінін біліп, басқа амал тапқан.

Ләйлә САЙДИНА,  ҚАРАҚҰДЫҚ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:


Міне алған котеліміз. Свет қоймағаннан кейін, ай сайын 100-150 мың төлейтін болғаннан кейін 4 баланың аузынан жырып 150 мың бергеннен, одан да көмір жағайық деген ниетпен осы котелді 80 мыңға сатып алдық.

Газы мен суы жоқ болғасын, ауылдағылар қыста қалаға барып жан бағады. Баспаналары бола тұра, пәтер жалдауға мәжбүр. Оған шамасы жетпейтіндер үйде пеш жағып отыр.

Қаным МЫРЗАТАЕВА, ҚАРАҚҰДЫҚ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

4 жыл қыстадым. 4 жыл бойы от жағып келе жатырмын. Бізге газ керек. Көп балалы аналарға үй керек дейді, бізге үй керек емес. Тек газ берсе болды.

Назым ТӨРЕБАЕВА, ҚАРАҚҰДЫҚ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:


2016 жылы алдық осы жерді. Жер алған кезде уәде берді ешқандай сөз болмайды, газ кіреді деді. Содан кейін құрылысты бастап кеттік.

Бір қызығы – облыс орталығынан таяқ тастам жердегі Қарақұдық ауылында газ да, су да бар. 2018-жылы тартылған газ құбырының күші жаңа массивке жетпейді, дейді ауыл әкімі. Сондықтан, басқа құбыр жүргізу керек. Қазір 13,4 миллион теңгеге жобалық-сметалық құжаттар жасалып жатыр деп отыр.  

Мәулен ІДІРІСОВ, ҚАРАҚҰДЫҚ АУЫЛДЫҚ ОКРУГІНІҢ ӘКІМІ:

Биыл құжаттары толық бітсе, келесі жылға қаржы қаралса, газ әрине болады. Бұрын проект жасалған. Ол дұрыс болмай шықты. Биыл қайта жеңімпаз анықталып, ол ЖШС айналысып жатыр.

Әкімнің айтуынша, жаңа тұрғын үй массивіне газ тарататын құбырдың құжаттары қарашада дайын болады. Одан кейін екі ай сараптамадан өтпек.  Демек, биыл да құрақұдықтықтар тағы да газсыз қыстап шығуына тура келеді.  


Г. Сейтенова