Астанадағы жол апатына қатысты жаңа деректер пайда болды. 22 жастағы Kia автокөлігінің жүргізушісі қамауға алынды. Ал оқиға орнында көз жұмған егде адам күнделікті қара жұмысқа шығып жүргендердің бірі екен. "Астаналық" базары маңында жеңіл көлік қарсы жолаққа шығып кетіп, екі жаяу жүргіншіні қаққан.
Жантүршігерлік жол апаты Уәлиханов көшесінде болды. Куәгерлердің айтуынша KIA көлігінің жүргізушісі қарсы жолаққа шығып кеткен. Бағдаршамның жасыл жолағынан өтпек болған жаяу жүргіншілерді қаққан. Саудагерлер болған оқиғадан әлі ес жиа алмай жүргендерін айтты. Бәрі қас-қағым сәтте болды дейді.
Елжас, КУӘГЕР:
Қатты дыбыс шығып, адамдарды 1-2 метрге ұшырып жіберді кәдімгі. Жаңағы соққыдан қызды ұшырып жіберіп, қыз есінен танып қалды. Соны ғана көрдік.
КИА автокөлігі, адамдарды қағып, Lada көлігімен соқтығысқан. Ондағы 2 жолаушы ауруханаға жедел жеткізілді.
Гүлжан, КУӘГЕР:
Бекерге қанша адам зардап шекті. Бір машина мына "Тұлпар" жақтан шығып келе жатқан машина, оның алдында шофердің анасы болыпты. Анасының аяғы қысылып, сондай жағдайда. Енді соның әсерінен әлі шыға алмай жатырмыз кешегі оқиғадан.
Куәгерлердің сөзіне сенсек, жол апаты салдарынан көз жұмған 60 жастағы ер адам, жалдамалы жұмысшы. Нәпақасын күнделікті қара жұмысқа шығып тауып келген. Елордалық емес деп отыр. Киа жүргізушісі уақытша ұстау изоляторына қамалды. Мұны полиция айтты.
НҰР-СҰЛТАН қ. ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ:
Аталмыш факт бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 345-бабымен сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде.
Яғни, абайсызда адам өліміне әкеп соққан деген баппен іс тергеуге алынған. Полиция мән-жайды ашып айтуға құлықсыз. Тіпті баптың тармақтарында нақтылай алмадық. Денсаулық сақтау басқармасы, қалған зардап шеккендердің амбулаториялық ем алу үшін үйлеріне жіберілгенін хабарлады.
А. Базарбай