Ауа райы -
Негізгі / Жаңалықтар / Сарбазды сегіз күн бойы казармаға қамап, құлағын тесіп қорлағаны рас па?

Сарбазды сегіз күн бойы казармаға қамап, құлағын тесіп қорлағаны рас па?

Сегіз күн бойы казармаға қамап әбден қорлаған. Қызылорда облысы Арал ауданының тұрғындары әскерге сап-сау кеткен ұлының үйіне ауру болып келгеніне ашулы. Отан алдындағы борышын өтеуге кеткен 19 жастағы жігіт қазір жақындарын мүлдем танымайды. Есінен адасқан сарбаз қойылған сұрақтарға жауап бере алмайтын халге жеткен. Тіпті, өз әкесіне де қол көтеріп жүр. Ашынған ата-ана мұның бәріне әскери қызметкерлер кінәлі, дейді. Әріптесім Асылбек Данияр оқиғаның мән-жайын анықтауға тырысты.

Әскерден оралғанына 3 күн болған Ренат Жеткергеновтің қазіргі жағдайы осы. Отбасынан тыныштық кеткен. Күндіз-түні айқайлап, жақындарының мазасын алады. Үйде тұрған заттарды жан-жаққа лақтырып, қиратып жатқан көрінеді. Тынышталдыруға тырысқан әкесі де баласынан бірнеше рет таяқ жеген.  

Айғаным ІЗБАСАРОВА, Р.ЖЕТКЕРГЕНОВТІҢ АНАСЫ:

Сержанттарының бәрін әкеліп, менің алдыма алып келіңіздер сіздерден сұрайтыным. Сап-сау баланы ауру қылып, мынадай қылып әкеп тастағаны үшін... Офицер Мәліков Әлімжан, Көпжан деген сержанттарды маған әкелулеріңізді сұрмаймын.  Жасұлан деген командирлерді.

Ашынған әжесі де, немересін осы күйге түсіргендер жазасын алуын сұрайды. Сап-сау кеткен баласын  емдетіп беруді талап етіп отыр.
 
Мәриям ИГІЛІКОВА, Р.ЖЕТКЕРГЕНОВТІҢ ӘЖЕСІ:

Қандай күйінде алып кетті, сондай күйінде әкеліп берсін со әскери бөлімі. Ол жердегілер не істеп отыр? Қой бағып отыр ма олар? Оншақты балаға ие болмай?

19 жастағы сарбаз Ақтау қаласындағы Теңіз жаяу әскерлері бөлімінде борышын өтеген. Мерзімінің аяқталуына 8 күн қалғанда,  "сәл ауырыңқырап" қалды деген сылтаумен үйіне қайтырыпты. Ренатты күтіп алған ата-анасы ұлдарының түрін көріп жағаларын ұстапты. Айтуларынша, үстіндегі киімі шұрық-тесік, аяғында жаздық тәпішке болған. Отан алдындағы борышын өтеп емес, құдды құлдықта жүргендей оралды, дейді ағасы. Күдіктенген туыстары баланы аурухаға барып тексерткен.

Бахтияр НАҒАШЫБАЕВ, Р.ЖЕТКЕРГЕНОВТІҢ АҒАСЫ:

Басынан соққы алған. Қысым, давление бар дейді. Сол жүректі көтеріп тұр. Сосын балада басында ауытқу жағдай болып тұр, деді. Әртүрлі сандырақтап, боғауыз сөздерді айтып, бізді құшақтап ұрып, папасын ұрып, мамасын мазақ қылып  күліп әртүрі жағдай болып жатыр.

Ағасына үйге келгенде әскери шенділердің қалай қорлағанын айтқан. Қайтатыннан 8 күн бұрын 4 қызметкер ұрып-соғып, құлағын тесіп әбден қинапты.

Бахтияр НАҒАШЫБАЕВ, Р.ЖЕТКЕРГЕНОВТІҢ АҒАСЫ:

Көке мені сол төрт сержантым басқа казармаға алып кетіп сол жерге барып маған издевательства жасап, құлағын тескен, құлағында жарақаты тұр. Құлағын инемен тесіп "мен сені қыз қыламын, мен сені әйелім қыламын" деп сөйтіп зорлық-зомбылық жасаған балаға.

Қорғаныс министрлігінің өкілі мұның барлығын жоққа шығарып әлек. Олар Ренат әскер қатарына қабылданғанда денсаулығы жақсы болғанын, әскерде де оған ешкім тиіспегенін айтты.  

Ғани НҮСІПОВ, ҚР ҚОРҒАНЫС МИНИСТРЛІГІНІҢ ОФИЦЕРІ, МАЙОР:

Тәжірибелі командирлер, тәрбиешілер мен сержанттар сарбазға әскери қызметті өткеру уақытында қолдау көрсеткен. Сонымен бірге, қатардағы жауынгер Ренат Жеткергенов қызмет өткерген кезінде денсаулығына және басқа да шағым жасамаған.

Әскерде бірге болған жаунгерлік досы әскери бөлімде әлімжеттік жоқ деп отыр.

Әлихан НҮСІПБЕК, ЖАУЫНГЕРЛІК ДОСЫ:


Қайтуына 2-3 күн уақыт қалғанда жеткенде Ренат өзін жаман жағынан көрсете бастады.  Мінез-құлқы өзгерді, бізді шошытты.

Казармада не болғаны белгісіз. Ренаттың да жағдайды түсіндіруге шамасы жоқ. Десе де, сарбаздың ет жақындары айыптыларды тауып, әділ жаза беруді талап етпекші.  

А. Данияр