Аурухана толған бала. Әлеуметтік желіде бірнеше өңірдің тұрғындары балалар ауруханасында орын тапшы екендігін айтып, дабыл қақты. Көбі пневмония диагнозымен түскен. Денсаулық сақтау министрлігі бұл жағдайдан хабардар. Қазір барлығы реттелді, дейді. Дегенмен, кәмелетке толмағандар арасында аурушаңдық бірнеше өңірде өршіп тұрған көрінеді. Оқу жылы басталғалы 15 мыңнан астам бала коронавирус жұқтырған. Тақырыпты әріптесім Асылбек Данияр жалғастырады.
Үкімет отырысында Денсаулық сақтау министрі төбе көрсетпеді. Көтерілген мәселелердің арасында санитарлық-эпидемиологиялық ахуал да бар болатын. Сөйтсе, Алексей Цой 1 апталық еңбек демалысына шығып кетіпті. Сірә, ковид жұқтырғандарды азайту үшін шаршап қалған-ау. Қазан айының соңында оқушылардың індетке шалдығу көрсеткіші 1,3 есе төмендеген. Бірақ, кейбір аймақтарда коронавирус жұқтырғандар қайта көбейіп келеді.
Марат ШОРАНОВ, ҚР ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ МИНИСТРІНІҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ:
Павлодар, Ақмола, Маңғыстау, Түркістан облыстарында сырқаттанудың 1,4 есеге дейін өсуі байқалады. Ошақтарда 159 мың байланыста болған адам анықталды. Оның ішінде 0,8 пайызында COVID-19-дың оң нәтижесі анықталды.
Балалар арасында короновирустан басқа аурулар да белең алып тұр. Нұр-Сұлтан қаласының өзінде пневмонияға шалдыққандар былтырғыға қарағанда 2 есе көп. Денсаулық сақтау басқармасы өкілдерінің айтуынша, бүлдіршіндер мен жасөспірімдер дертті сауда орталықтары мен ойын-сауық мекемелерінде жұқтырған.
Айжан АМАНГЕЛДИЕВА, НҰР-СҰЛТАН қ. ҚОҒАМДЫҚ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ БАСҚАРМАСЫ БАЛА ДЕНСАУЛЫҒЫН ҚОРҒАУ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:
Балалар ауруханасында 523-тен астам балалар ем алып жатыр. Бұл - тек қана пневмония бойынша. Жедел жұқпалы аурулар бойынша қазіргі таңда 162 бала ем алуда. Сондай-ақ коронавирустың инфекция бойынша біздің балалар ауруханасында 25 бала ем алып жатыр және амбулаториялық емде 500 бала.
Ауруханаларда орын жетіспеушілігінің болғанын жауаптылар да жасырмайды. Науқастың көптігінен, үлгеру қиын болды, дейді. Төсек-орын мәселесі шешілген. Бірақ, сырқаттардың саны азаймапты.
Айжан АМАНГЕЛДИЕВА, НҰР-СҰЛТАН қ. ҚОҒАМДЫҚ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ БАСҚАРМАСЫ БАЛА ДЕНСАУЛЫҒЫН ҚОРҒАУ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:
Кіші балаларда температура көтерілуі мүмкін. Оларда жөтел болады яғни тұмаудың белгілері жөтел, демікпе пайда болады. Ол пневмонияның асқынып жатқанын білдіреді.
Дәрігерлер ата-аналарға бала денсаулығына мұқият қарауды ескертеді. Өз бетінше емдеуге болмайды, ауру асқынып кетуі мүмкін, дейді. Әсіресе, өкпенің қабынуы мен коронавирус. Ал 12 жастан асқан жасөспірімдерге салынатын "Pfaizer" екпесі келер аптада Қазақстанға жеткізіледі. Денсаулық сақтау вице-министрі препараттың 4 миллион дозасы кезең-кезеңімен тасымалданатынын жеткізді. Вакцина бірінші кезекте оқушыларға егіледі.
Марат ШОРАНОВ, ҚР ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ МИНИСТРІНІҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ:
Оқушылардан басқа, мен айтып кеткендей жүкті әйелдер, емізулі әйелдер, жаңа босанған әйелдер сол кісілер ала алады.
Америкалық ғалымдар әзірлеген вакцинаны салу үшін медицина қызметкерлері арнайы оқудан өтеді. Ал екпе барлық аймаққа таратылып болған соң ғана салына бастайды. Бүгін Мемлекет басшысы эпид ахуалды нашарлатпай ревакцинацияны тездетіп бастау керек екенін мәлімдеді.
А. Данияр