Спорт Қазақстан
$448.56 €478.03 ₽4.79
×

Алматыдағы көпқабатты тұрғын үйлердің бірінде 18 жастағы қызды өлтіріп, өртеп кеткен

AstanaTV
08.11.2021ж. 20:00
1577
Алматыдағы көпқабатты тұрғын үйлердің бірінде 18 жастағы қызды өлтіріп, өртеп кеткен

Алматыдағы көпқабатты тұрғын үйлердің бірінде 18 жастағы қызды  өлтіріп, денесін өртеп кеткен. Жантүршігерлік оқиға    жалға берілетін пәтерде  болған. Ол пәтерге  бойжеткен  бір  жігітпен  келген көрінеді.  Тұрғындар  қанды  қылмысты сол   адам жасады деп күдіктенеді. Оқиғаға қатысты тағы қандай болжам  бар? Полицейлер не дейді? Тілшіміз Әсем Лесбектің бейнематериалы.  

Адам айтса сенгісіз оқиға  мына элиталық тұрғын үй кешенінде болған. Бойжеткен мен белгісіз ер адам 13-ші қабатта  орналасқан пәтерді бір тәулікке жалға алған. Көршілердің айтуынша, олар ішке кіргеннен кейін  ұрсыса бастаған көрінеді.
 
Екатерина, КЕШЕН ТҰРҒЫНЫ:

Бұл жерде әдетте тыныш болатын. Сол күні түнгі сағат 10-нан бастап түрлі дауыстар шықты. Биік өкшелі аяқ-киім киген қыздың жүгірген дыбыстары естілді. Ары-бері жүрді. Кейін оны біреу ұрды ма әйтеуір жан дауысымен айқайлап жатты.

Тұрғындар ер адам қызды тұншықтырып өлтірген   дейді. Ізін жасыру үшін  денесін өртеп жіберген болуы мүмкін деген болжамдары бар.  Бойжеткен соққыға жығылып жатқанын туысына хабарлап үлгеріпті. Бірақ әпкесі   келгенше, көз жұмған. Бұл үйдің тұрғындары пәтерлерді жалға беруді тоқтату керек деп талап етіп отыр.

Яков ХАН, КЕШЕН ТҰРҒЫНЫ:

Бұлар небәрі бір тәулік тұратын адамдар. Біз оларды танымаймыз. Жалпы кешенге кімнің кіріп шығып жатқанынан хабарымыз жоқ. Көптеген пәтерлер жалға беріледі. Қожайындарын көрген емеспіз.

Гүлнәр, КЕШЕН ТҰРҒЫНЫ:

Жалға беру дұрыс емес деп есептеймін. Қонақ-үйге айналдыруды қою керек. Біз мұнда бала-шағамызбен тұрамыз. Балалар подьезд ішінде жалғыз жүре береді. Сонда олардың жанында қылмыскерлер жүр деген сөз.

Оқиғаға қатысты сан түрлі болжам айтылуда. Қазір полиция оқиғаның  мән-жайын және  себебін анықтап жатыр.  

Салтанат ӘЗІРБЕК, АЛМАТЫ қ. ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ РЕСМИ ӨКІЛІ:

Жеке басы анықталған күдіктіні ұстау бойынша  кешенді шаралар жүргізілуде. Осы ретте жәбірленушінің жеңіл жүрісті әйел болғаны туралы ақпарат шындыққа жанаспайтыны хабарлаймыз.
 

Әсем ЛЕСБЕК, ТІЛШІ:

Қылмыстық іс "Адам өлтіру" бабы бойынша тергеліп жатыр. Күдікті қолға түсіп,  кінәсі дәлелденсе 15-жылдан 20-жылға дейін бас бостандығынан айрылуы мүмкін.

Ә. Лесбек