Атырауда жедел жәрдем қызметкерлерінің үстінен қылмыстық іс қозғалды. Оған баласы тоңазытқыштың тоғына түсіп қайтыс болған ата-ананың арызы себеп болған. Қайғыдан қан жұтқан отбасы жедел жәрдем фельдшерлері өз міндеттерін дұрыс орындамады,- деп айыптап отыр. Айтуларынша , ақ халаттылар келгенде бала тірі болған, оған көршілер куә дейді. Мәслеенің мән-жайын тілшіміз Базаргүл Нәдірқызы жеткізеді.
10 жастағы Наиль інісімен жасырынбақ ойнап жүріп, мына тоңазытқыштың артына тығылған. Сол кезде тоқ соққан. Балалардың қасында болған нағашы әжесі болған жағдайдан әлі ес жия алар емес. Жедел жәрдем келгенде бала тірі болды, олар өз міндетін дұрыс орындағанда, аман қалар ма еді,- деп көз жасын тия алмай отыр.
Нәжия ҚЫДЫРБОЛАТОВА, МАРҚҰМНЫҢ НАҒАШЫ ӘЖЕСІ:
Ол тірі болды. Оған куә менің көршім. Ол менің қасымда жасанды тыныс алу жасады. Ол демалып жатты. Жәй емес, терең демалды. Пульсометр де жұмыс істеп тұрды. Яғни оның жүрегі соғып тұрды ғой. Дәрігерлер жедел жәрдем көлігінің ішінде менен дәрігерге аллергиясы бар ма деп сұрады. Мен тәттіге ғана дедім. Ауруханаға жақындаған кезде, жүргізушіге тоқта, баланың жүрегі соғып тұрған жоқ,- деді.
Әкесі Сергей Писарев ол күні жұмыста болған. Анасы бір күн бұрын босанып, перзентханада жатқан. Қос бауыры қарындасым келеді ,- деп қуанған жүрген көрінеді. Қуаныш пен қайғы қатар келген отбасының ақ халаттылар мен полиция қызметерлеріне өкпелері қара қазандай. Балама сараптама жасауға қарсы болғаныма қарамастан, денесін ашты,- дейді әкесі.
Сергей ПИСАРЕВ, МАРҚҰМНЫҢ ӘКЕСІ:
Ұлымды қайтара алмайтынымды білемін. Бірақ анықтамаға «үйде қайтыс болды» деп жазғанын түсінбедік. Жедел жәрдем қайтыс болған адамды алып кетуші ме еді? Бұрын алмайтын еді ғой. Полиция неге жан-жақты тексерместен, баланы мәйітханаға сараптамаға алып кетті. Баламды сойғызғым келмесе де, сойып тастады. Менде сұрақ көп. Осыларды тексеріп, шындықты ашып берсе ,- деймін.
Ал жедел жәрдемдегілер, реанимациялық шаралар алгоритм бойынша көрсетілді,- дейді.
Наргиз БАЙМОЛДАЕВА, АТЫРАУ ОБЛЫСТЫҚ ЖЕДЕЛ ЖӘРДЕМ СТАНЦИЯСЫ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
30 қазан 2021 жылы түсті сағат 14:45те. Бригада уақытылы жетті шақыртуға. Диагноз смерть до приезда 103.Қазіргі уақытта бригада өз ауысымында жұмыс жасап жатыр. Тергеу уақытында.
Қазір тергеу жүріп жатыр. Полиция жедел жәрдем қызметкерлерінің үстінен іс қозғаған.
Мейірім ЕРДӘУЛЕТ, АТЫРАУ ОБЛЫСТЫҚ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ:
Тергеу амалдары жүргізілуде. Яғни медициналық және фармацевтика саласы қызметкерлерінің өзінің міндетін тиісті орындамауына байланысты қазіргі таңда жедел жәрдем қызметкерлері үстінен қылмыстық іс қозғалды.
Ал бауыр ет баласынан қапыда айрылып қалған ата-ана кінәлілер әділ жазасын алсын дейді. Өте мейірімді әрі ақжарқын ұлымыздың орны ешқашан толмайды әрине, бірақ адам тағдырына бей-жай қарауға бола ма деп олар ызаланады. Құзырлы орындардан өлімнің нақты себебін анықтауды талап етіп отыр.
Б. Надірқызы