$481.84 €531.33 ₽5.07
×

Оралдық келіншек құрсағындағы егіз сәбиінің шетінегенін үш апта бойы білмеген

AstanaTV
10.11.2021ж. 20:00
3172
Оралдық келіншек құрсағындағы егіз сәбиінің шетінегенін үш апта бойы білмеген

Оралдық келіншек құрсағындағы шарананың шетінеп кеткенін үш апта бойы білмеген. Зарыға күткен егіз сәбиінен айрылған  Ұлболсын Айтқалиева бұған дәрігерлерді кінәлайды. Ашынған ананың айтуынша, емдеуші гинеколог дұрыс көңіл бөлмеген көрінеді.  Ал дәрігерлердің бұған айтар уәжі қандай? Тараптарды тыңдаған тілшіміз Еркін Кариннің бейнематериалы.

Құрсағындағы сәбиінің егіз екенін білгенде Ұлболсын мен Нұрболдың қуанышында шек болмаған. Қуанышы қойнына сыймаған ерлі-зайыптылар дәрігерге уақытылы барып, тексеріліп жүрген. Бірақ, бір күні аяқ астынан жол апатына түседі. Тас жолда жүйткіген көлік бес рет аунап, екеуі де ауыр жарақат алған. Ес-түссіз қалған Ұлболсын біраз уақыт ауруханада емделеді. Дәрігер іштегі баланың тірі екенін айтып қуантыпты.

Ұлболсын АЙТҚАЛИЕВА, ОРАЛ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Сол күні барғанда сұрадым: «Менің ішім қозғалмайды, қараңызшы. Мүмкін мен бірінші бала болғасын сезбеймін бе?», - деп сұрадым. Ал ол кісі мені қарады да: Как не чувствуете? Бала қозғалып тұр ғой, - деді. Сол үшін менің жолдасым жынданып отыр, олар неге олай өтірік айтады деп. 20-сы күні УЗИ-ға барсам, баланың жүрегі 17 аптасында тоқтап қалған. Сонда мені үш жұма бойынша олар айыра алмай ма? Әлде олар білмей ме?


Ұлболсынның жолдасы Нұрбол да ақ халаттылардың  салғырттығына өкпелі. Бірақ сотқа беріп, жазалатуға дәрігерді аядық дейді.

Нұрбол ҒАЗИЕВ, ОРАЛ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:


Күнде барады, күнде тыңдатады. Тыңдатқанда: бәрі жақсы, жүрегі соғып тұр деп айтады. Жас емес, ол баяғыдан істеп келе жатыр гинеколог. Солар қалай білмей қалады деп ойлаймын? Қарамай тұр ма әлде өтірік қарай ма? Бәленбай кісі келіп жатыр, соны шығара бере ме? Гинекологтардан ғой кінәнің бәрі.

Ал дәрігерлер мұнымен келіспейді. Айтуынша, Ұлболсын  жол апатынан ауыр жарақат алған. Бас сүйегі шытынап, миы шайқалған. Бұл аздай, бүйрегі де зақымданыпты.

Рая МУЛДАШЕВА, №2-ҚАЛАЛЫҚ ЕМХАНА ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Тексергенде іштегі ұрықтың 16-17 аптадан кейін дамымай қалғаны анықталды. Баланың қозғалуы, жүрегінің соғуы 20 аптадан кейін ғана белгілі болады. Ұлболсын бізге қаралғанда қызуының көтерілуі, ішінің төменгі жағының ауыруы сияқты белгілер болмады. Сондықтан бізді кінәлауы негізсіз. Енді ол дұрыстап емделуі тиіс. Әйтпесе бала көтере алмауы, жүкті болса да, баласының түсіп қалуы мүмкін.


Енді дәрігерлер Ұлболсынды мұқият қарап тексереміз деп отыр. Өйткені оның ағзасында түрлі генетикалық, гормоналдық өзгерістер байқалған. Сондықтан оны арнайы мамандар ерекше бақылауға алмақ.
 
Е. Карин