Қостанай
облысындағы Қостанай ауданына қарасты Суриков ауылын су басып, төтенше жағдай
жарияланды. Елді мекенде 2 тәуліктен бері құтқарушылар жұмыс істеп жатыр.
Қырдан аққан қызыл су ауылдағы 20 шақты үйдің белуарына дейін жеткен.
Тұрғындар жергілікті бастауыш мектепке
эвакуацияланды. Оқиға орнында болған тілшіміз Заңғар Санай сабақтайды.
Қазір
ауылдағы 20 үйді су басып тұр. Ондағы 55 адамның жартысы туыстарында, қалғаны ауыл мектебіне
орналастырылған. Барлығы ас-су, көрпе-жастықпен қамтылды. Ғабит Сейденұлы отбасымен бірге 2 күннен бері осы ауыл
мектебінің кітапханасын паналап жүр.
Құжаттарын ғана ала шыққан ауыл тұрғыны дүние-мүлкінің түгел су астында
қалғанын айтады.
Төменде
тұрған заттың бәрі суға батты. Кеше-бүгін заттарды далаға шығарып кептірген
болдық. Ал жиһаздарды, білесіздер ғой, су тисе, іске жарамайды.
Суриков елді мекенін биыл су басады деп ешкім ойламапты. Алайда, ауыл
сыртындағы 4 көлдің мұзы еріп, ернеуінен асқан. Қазір ауылдың ортасы айдын көлге айналған.
Заңғар
Санай, тілші:
Елді мекеннің
байырғы тұрғындары елу жыл бұрын Суриков ауылын су басқандағын айтады.
Бірақ биылғы қызыл судың қарқыны қатты.
Тіпті кейбір жердегі судың тереңдігі 3-4 метрге дейін жетеді, - дейді құтқарушылар.
Елді
мекенде жергілікті деңгейде төтенше жағдай жарияланды. Табиғи апатқа байланысты жедел штабтар құрылды. Кешеден бері көлдердің ернеуіне 2 шақырым дамбы салынған. Соның
нәтижесінде сырттан құйылған су тоқтапты.
Тәуба
Исабаев, Қостанай ауданының әкімі:
Сырттан келетін су тоқтады. Халықтың бәрі
қаупісіз жермен, тамақпен қамтылған. Жататын жерлер жайлы. Қолдан келген көмекті
көрсетіп жатырмыз.
Енді
баспаналар мен аула-көшелерде су сору жұмыстары жүргізілмек. Оған жоғары қуатты
құрылғылар мен төтенше жағдайлар департаментінің станциялары жұмылдырылады, -
дейді аудан басшылығы.
Амангелді
Досжанов, Қостанай аудандық мәслихатының хатшысы:
2
күннен бері дамбылар жасап, суды тоқтату жұмыстары жүргізілді. Су деңгейі көтеріліп жатқан жоқ. Енді күштің бәрін осы
ауылдағы суды ары қарай ағызуға жұмылдырып жатырмыз.
Аудан
әкім су деңгейі қайтқан соң өңірде арнайы комиссия құрылып, шығындарды
есептеуге кірісетінін айтты. Баспаналар мен оның жиһаздары, тұрмыстық техника,
басқа да заттар тиісінше өтеледі деп, тұрғындарды алаңдамауға шақырды. Ол үшін аудандық бюджетте қосымша
қаражат қарастырылған көрінеді.
Заңғар
САНАЙ