Спорт Қазақстан
$444.22 €476.38 ₽4.82
×

Кей өңірлерде маман тапшылығы салдарынан «Денсаулық» бағдарламасын жүзеге асыру ақсап тұр

AstanaTV
17.08.2017ж. 20:00
2495
Кей өңірлерде маман тапшылығы салдарынан «Денсаулық» бағдарламасын жүзеге асыру ақсап тұр

Елде медицина мамандарының тапшылығы әлі де өткір. Тек Солтүстік Қазақстан облысының өзінде 320-ға жуық дәрігердің орны бос тұр. Бұл аймақтарда мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге аспауына себеп болып отыр. Ешбір аймақ "Денсаулық" бағдарламасын 100 пайызға орындай алмай келеді. Денсаулық сақтау саласындағы жарты жылды пысықтаған министр осылай деді. Дәуренбек Бақдәулетұлы сабақтайды.

Министрлік жиынды жақсы жаңалықтармен бастады. Қазір қазақстандықтардың орташа өмір сүру жасы 72 жасты құраған. Бала өлімі 10,8 пайызға азайса, инфаркт миокарда салдарынан көз жұматындар саны 5,5 пайызға, туберкулезбен ауыратындар 16,6 пайызға азайыпты. Бірақ екі жыл бұрын қолға алынған халық денсаулығын нығайтуды көздейтін  "Денсаулық" бағдарламасын ешбір аймақ 100 пайызға орындай алмай келеді. Астанада ол 83 пайызды құраса, СҚО, Маңғыстау, Қостанай, Атырау мен Ақмола облыстары не бары 54 пайызбен 62 пайыз аралығында. Министр басқарма басшыларына талап қойды.

Елжан Біртанов, ҚР Денсаулық сақтау министрі:

Жалпы ел бойынша жағдай қуантарлық емес. Индикатордың 100 пайыздық көрсеткіші мүлде жоқ. Мемлекеттік бағдарламаны біз сіздермен сонау 2015 жылы бірге жасақтағанбыз. Барлығы да талай мәрте талқыланған. Онда қолдан келмейтін дүние жоқ. Сондықтан келер жиында оң көрсеткіштер болмаса, жағдайды басқаша қарауға тура келеді.

Алайда, өңірдегі денсаулық сақтау басқармасы басшыларының өз уәждері бар. Олар білікті маман жетіспейді дейді. Қостанайдағы басқарма басшысы еңбек жәрмеңкесіне барып, өзі маман іздегенін айтады. Реті келмеген соң, әкімдіктен қажет деген 20 маманға 2 млн теңге көлемінде бастапқы көмек қаражат сұрап, маман тартып жатқанын айтты. 

Еркен Дәуітбаев, СҚО Денсаулық сақтау басқармасының басшысы:

Ең өткір мәселе - маман жоқ. 316 орын бос тұр. Биыл өңірге 130-ға жуық маман келуі керек. Оның алтауы аса қажет кардиологтар мен терапевттер.

Қызмет сапасында да сұрақтар бар. Мемлекеттік аттестациялаудан өткен 64 мекеменің ондағаны талапқа сай болмай шыққан. Оның ішінде Астана мен Алматы емханалары да бар. 

Дәуренбек Бақдәулет, тілші:

Министрдің айтуынша, басқарма басшыларын тағайындау әкімдіктің құзырында. Бірақ нәтижелі жұмыс атқарылмаса, облыс басшыларына берген ұсыныстарын кері қайтарып, басқа басшы тағайындауға ықпал ететінін айтты.