$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Жалғызбасты ата-аналар енді қашықтан жұмыс істей алады

AstanaTV
16.11.2021ж. 20:00
1911
Жалғызбасты ата-аналар енді қашықтан жұмыс істей алады

Жалғызбасты ата-аналар енді қашықтан жұмыс істей алады. Президент Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінде Үкіметке осы мәселені заңдастыруды тапсырды. Жиын барасында Қасым-Жомарт Тоқаев бірқатар заңдарды күшейтуді жүктеді. Оған қоса қоғамдағы күрмеуі қиын мәселелердің шешімін ұсынды. Кеңес отырысын тындаған әріптесім, тақырыпты толықтырады.

Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі, осымен 6-шы рет бас қосты. Бұл жолы да, жемісті өтті. Мемлекет басшысы да осылай бағалайды. Өйткені қоғамдағы өзекті мәселелер көтерілді. Президент Үкіметке жаңа міндеттерді жүктеді. Мемлекеттік әлеуметтік нысандарды жекеменшікке беруге шектеу қоюды тапсырды.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ,  ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Әсіресе, Оқушылар сарайы мен музыка мектептеріне, балабақшаларға көз тігушілер көп. Сондай бір оқиға жуырда Алматыда болды. Бұған мүлдем жол бермеуіміз керек. Үкіметке мемлекеттік әлеуметтік нысандарды жекеменшікке беруге заң жүзінде шектеу қоюды тапсырамын.


Сондай-ақ Президент білім беру мәселесін де көтерді. Мектептердегі қауіпсіздік жүйесіне бірыңғай талап болуы қажет деп санайды. Қазір оқу орындары күзет агенттігімен бір жылға келісім-шартқа отырады. Ал бұл тиімсіз дейді мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:


Әдетте оны жылдың басында жасайды. Бұл оқу жылының ортасы деген сөз. Мұндай келісімшарттарды ұзағырақ уақытқа, мысалы 3 жылға жасаған тиімді болар еді. Бұған рұқсат беру үшін заңнамаға өзгеріс енгізу қажет. Сондай-ақ оқушыларға, мұғалімдер мен ата-аналарға төтенше жағдай кезінде не істеу қажеттігін үйреткен жөн.

Мектеп пен балабақша тапшылығы тағы да көтерілді. Оны салу үшін жергілікті жерлерде жерді алу айтарлықтай қиындықтар туғызып отыр деді. Сондықтан әкімдер алдын ала телімдерді бөлу қажет екенін ескертті. Ал, бала үшін білім алудан бөлек, тәрбие мен ата-ананың көңіл бөлуі маңызды екенін айтты. Жалғызбасты ата-аналар үшін, қашықтан жұмыс істеу форматын заңдастыру қажет екенін жеткізді.  

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Олар үшін ерекше еңбек жағдайын жасау қажет. Жалғызбасты ата-аналардың қашықтан жұмыс істеу форматына құқығы және жұмыспен қамтудың жеңілдетілген режимі заңнамалық деңгейде қамтамасыз етілуі керек.

Бұдан бөлек, тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жазаны күшейтуді тапсырды. Дәрігерлер тапшылы да сөз болды. Әсіресе елді-мекендерде өзекті. Өйткені жағдай қарастырылмаған. Аймақ әкімдеріне мәселені шешуді жүктеді. Сондай-ақ, Президенттің дерегінше жыл сайын 1 мың астам ақ халатты шетелге қоныс аударып жатыр.  

А. Базарбай