$494.87 €520.65 ₽4.91
×

СҚО жұмыртқа бағасын негізсіз көтерген құс фабрикаларына қатысты іс қозғалды

AstanaTV
19.11.2021ж. 20:00
2213
СҚО жұмыртқа бағасын негізсіз көтерген құс фабрикаларына қатысты іс қозғалды

Солтүстік Қазақстанда жұмыртқа бағасын негізсіз өсірген  құс фабрикаларына қатысты іс қозғалды.  Бәсекелестікті дамыту және қорғау департаменті мамандарының айтуынша, жұмыртқа өндіретін 4 кәсіпорын жыл басында өзара келісіп алып, өнім бағасын бір уақытта 20-25 пайызға көтерген. Мұны құзырлы орган анықтап, барлығына ескерту жасады. Сөйтіп, өнім құнын 10 пайызға түсірген болатын. Бірақ, көп ұзамай екі өндіріс ошағы жұмыртқа бағасын тағы  аспандатып жіберді. Қазір  сауда сөрелерінде 10 жұмыртқа  430 теңгеден сатылып жатыр. Фабрикалар департаменттің талабына міз бақпаған соң, жауапты тарап іс қозғаған.

Гүлнәр ЖАНШИНА, СҚО БӘСЕКЕЛЕСТІКТІ ДАМЫТУ ЖӘНЕ ҚОРҒАУ ДЕПАРТАМЕНТІ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Екінші сараптама жұмыстары биыл қаңтар-қыркүйек айларында жүргізілді. Бұл жолы олар бағаны 10-нан 20 пайызға дейін көтерген. Құс фабрикалары жем -шөп пен бензиннің қымбаттағанын негізге алып отыр. Бірақ заңға сәйкес олар өнім құнын бір уақытта көтермеуі керек. Біз істі 3 ай тергейміз. Кейін шешімді сот шығаратын болады.


Егер кәсіпорындардың кінәсі дәлелденсе, онда олардың жыл басынан бастап тапқан қосымша табысы түгел тәркіленеді. Сондай-ақ табысының үш немесе бес пайызы көлемінде айыппұл төлеуі мүмкін. Құс фабрикалары БАҚ өкілдеріне бағаны не себепті өсіргені туралы жауап берген жоқ.  Ал  халық  жұмыртқа сатып алуды азайтқандарын айтады. Себебі,   құны қалта көтермейді дейді.
 
Тамара ВАСИЛЬЕВА, ПЕТРОПАВЛ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Өнім қымбат. Зейнетақыны үнемдеуге тура келеді. Мен жалғыз тұрамын. Сондықтан жұмыртқаны аз жеймін.

 
Клара ФЕДОРОВА, ПЕТРОПАВЛ  ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Жұмыртқаны алудан қалдық. Көңіл күйімді түсірмеу үшін оның бағасына мүлдем қарамаймын. Өте сирек сатып аламын.


А. Құрманкин