Қарағанды балабақшасында бүлдіршінді сүйреген тәрбиешінің көмекшісі жұмыстан кетті. Сондай-ақ оқиғаға қатысты қызметтік тексеру жүріп жатыр. Бірақ білім бөлімінің мәліметінше, баланың ата- анасы ешқандай шағым жасамаған.
Дәлізге жатып алған кішкентай бүлдіршінді жабайы түрде сүйреп әкетіп бара жатқан әйелдің әрекеті жұрттың ашуына тиді. Оны сол балабақшаның медбикесі 1 ай бұрын түсіріп алып, жергілікті блогерге енді ғана жолдаған. Қалалық білім бөлімінің мәліметінше, бұл мекемеде 3 айдан бері бейнебақылау камерасы жұмыс істей бастаған. Бұған дейін мұндай жағдай тіркелмеген дейді.
Азиза АЙТҚҰЛОВА, ҚАРАҒАНДЫ ҚАЛАСЫ «АРМАШКА» БАЛАБАҚШАСЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:
Кешегі видеодағы бұл тәрбиеші емес, тәрбиешінің көмекшісі. Сол баланың ата- анасы келді. Ешқандай шағым жоқ деп айтып, бірақ бұндай жағдай балабақшада қайталанбасын деген ескертуді айтып кетті. Бүгінгі таңда бұл тәрбиеші көмекшісін жұмыстан шығардық және де осы баланың тәрбиешілерімен тәрбиешінің көмекшілерімен ары қарай жұмыс жүргіземіз.
Татьяна ГОЛОВИНА, ҚАРАҒАНДЫ ҚАЛАЛЫҚ БІЛІМ БӨЛІМІ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Қызметтік тексеру жүріп жатыр. Оның құрамында жергілікті әкімдіктің қарамағындағы кәмелетке толмағандардың құқын қорғау комиссиясының төрағасы, «Nur Otan» партиясының өкілі де бар. Баланың анасы арызданудан бас тартты. Негізі бұл мекемеде 300 бала тәрбиеленеді, сұранысқа ие, бұрын соңды ондай оқиға тіркелген жоқ.
Айта кетейік, 2018 жылы Теміртауда баланы ұйықтату үшін айқайлап тұншықтырған 50 жастағы балабақша тәрбиешісі небәрі 120 сағат қоғамдық жұмыс істеу жазасына кесілген болатын. Баланың анасына 200 мың теңге морольдық шығын өндірілген еді. Кейін анасы қызының түнде шошып ұйықтай алмайтынын айтып шағымданғанмен сот шешімі өзгертілген жоқ.
А. Қуаш